Жасанды интеллект арқылы ұлттық киімдерді «киіп көріп”, ұлттық ойын да ойнауға болады
Астанада да Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілуде.Қаланың барлық ауданында театрландырылған қойылымдар, жәрмеңкелер және эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттер өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бас қалада Наурыз тойы әдеттегідей сән-салтанатымен, кең көлемде өтіп жатыр. Астаналықтардың көңіл-күйі де керемет! Экспо аумағы ұлттық этно-стильде безендіріліп, тайқазан, шаңырақ, қобыз және басқа да мәдени элементтер қойылған. Айта кету керек, биыл 9 метрлік «Келіншек» композициясы орнатылды. Сондай-ақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтіп жатыр.
«Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен, Айт мерекесімен құттықтаймын! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Астананы көруге келдік. Өте керемет! Той тойлап жүрміз», – деді қала қонағы Бибіажар Құрманәлиева.
«Бүгінгі күн өте керемет болып тұр. Ауа райы тамаша! Қазақ халқының ниетіне байланысты осындай ауа райы болып тұрған шығар. Еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын! Жылдан жылға аман жете берейік! Аспан ашық бейбітшілік заман болсын!» – деді қала тұрғыны Дана Аханова.
«Мен арнайы Астанадағы Наурызға, қазағымыздың жаңа жылына отбасыммен келдім. Жолдасым және үш баламды алып. Әз-Наурызымыз өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазақтың ұлттық ойындары басталады, қатысайын деп жатырмын», – деді Атырау қаласының тұрғыны Бейімбет Кенжеғалиев.
Бұл қазақ үй әдеттегі киіз үйден ерекше. Мемлекет басшысы 2026 жылы жасанды интеллект жылы деп жариялаған. Сондықтан бас қаладағы Наурыз мейрамы цифрлық форматта да өткізіліп жатыр. Алкиіз үй толық цифрландырылған. Мұнда жасанды интеллект арқылы ұлттық киімдерді «киіп көріп”, ұлттық ойын да ойнауға болады. Мәселен, жасанды жады көмегімен тоғызқұмалақты қазақстандық платформада ойнауға мүмкіндік бар. Ал бұл жаңашылдықты Әлихан есімді оқушы ұстазымен бірге енгізген.
Наурыз тойы бас қалада ертең де жалғасады. Көпшілік түрлі спорттық ойындар ойнап, қазақтың салт-дәстүрімен танысып, гуманоид робот пен робот-итті де тамашалай алады. Ал кешке қарай Астана аспанында дрон шоуы өтеді.
Оқи отырыңыз: Тарихы, мәні, міндеті: ұлт ұлысқан ұлық мейрам жайында ғалымдап пікірі қандай