Биыл төтеншеліктер Алматы тауларында адасып қалған 400-ден көп адамды құтқарған. Ал соңғы 3 жылда мамандардың көмегіне мың жарымнан астам азамат жүгінсе, соның 241-і түрлі деңгейде жарақат алыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тауға алғаш шыққан адам үшін бірнеше шақырымдық биіктік пен ауа қысымы күтпеген сынақ болуы мүмкін. Ал тәжірибелі альпинист мұндай жағдайды алдын ала есепке алады. Жантілек Тахарұлы осы уақытқа дейін 30 шақты шыңды бағындырған. Жақында Талғар шыңына да көтеріліпті. Сөзінше, тауға дайындықсыз шығу – үлкен қателік.
«Жаңадан тауға шығып жатқан адамдардың ең бірінші жолығатын қиындығы – тау ауруы. Жалпы тауға шыққан сайын, көтерілген сайын қысым арта түседі. Ол адамның денсаулығына қатты әсер етеді. Адам тауға шығарда өзінің физикалық күшіне мән беріп шығуы керек. Одан кейін ауа райын дұрыстап қарап алған жөн. Тауға көп адамдар кеш шығып, қайтар уақытында қараңғыға қалып кетеді. Көп адам тауға шығып келу, оңай деп ойлайды. Бұл өателік, тау қателікті кешірмейді», – деді альпинист Жантілек Тахарұлы.
Үшінші санаттағы альпинисттің айтуынша, биікке көтерілерде қажетті тау жабдықтарын дайындап, қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығармаған жөн. Ыңғайлы аяқ-киім, дәрі-дәрмек сақтайтын қобдиша жаныңнан табылуы керек. Алайда тауға шығуды хоббиге айналдырған, таза ауамен тыныстап, көрікті жерде демалғысы келетін қарапайым адам көбіне қауіпсіздік талаптарын сақтай бермейді.
«Тауға шығатын жабдықтар өте қымбат. Оны бір-екі рет тауға шығып, өзін тексеріп көргісі келетін адам алуы мүмкін, бірақ кейін қолданбай, тастайды. Өмір, әрине, қымбат емес. Бірақ зерттеп, қиындықтарға кездескенде тауға шығуға деген ынтасын жоғалтып алуы мүмкін. Мен тез жүруді жақсы көремін, топпен жүруді ұната бермеймін. Бірақ оны ешкімге кеңес бермеймін», – деді қала тұрғыны Рамазан Еркебұланұлы.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, соңғы үш жылда қала тауларында 1666 адам құтқарылған. Оның ішінде 282 жасөспірім бар. Былтыр 600-ден астам азаматқа көмек көрсетілген. Мамандар табиғат аясына демалуға шыққандар көбіне сақтық шараларын елемейтінін айтты.
«Гид әлеуметтік желіде түрлі маршрутты оңай секілді көрсетеді. Халық оған алданып, бір сағат, жарты сағат ішінде жетемін деп ойлайды. Алайда ол маршрут өте қауіпті. Яғни, арнайы дайындықпен көтеріліп шығу керек», – деді Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Біржан Серікбай.
Осы орайда құтқарушылар неғұрлым жеңіл маршрут таңдауға кеңес береді. Ал биік әрі күрделі шыңдарға дайындықсыз шығу қауіпті. Сондықтан тауды бағындырмас бұрын, бағыттың күрделілігін бағалап, өз мүмкіндігіңізді ескерген жөн. Өйткені тау қателікті кешірмейді.
Алина Серегина, Жақсылық Тілепберген, Хангелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда қатты жел тұрғын үйдің шатырын ұшырып кетті