Тауар аларда бөліп төлеудің қандай түрлері бар және айырмашылығы неде

Depositphotos.com
Depositphotos.com

BNPL деген не және оны пайдаланғанда нені ескеру керек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бөліп төлеу арқылы тауар сатып алу немесе қызмет ақысын бірнеше бөлікке бөліп төлеу күнделікті өмірде кең таралған. Алайда банктік бөліп төлеу, BNPL сервисі және сатушының өзі ұсынатын төлем тәсілінің шарттары бірдей емес. Сондықтан сатып алмас бұрын төлем тәртібін, қосымша шығындарды және тауарды қайтару шарттарын тексерген жөн, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Fingramota.kz-ке сілтеме жасап. 

Бөліп төлеудің қандай түрлері бар?

Бірінші нұсқа – банк арқылы бөліп төлеу. Бұл жағдайда банк тауарды немесе қызметті сатып алуға қаржы береді, ал сатып алушы ақшаны белгіленген кесте бойынша қайтарады. Шартта төлемнің жалпы сомасын, мерзімін, қосымша төлемдерді және кешіктірген жағдайда туындайтын салдарды тексеру қажет.

Екінші нұсқа – BNPL, яғни «қазір сатып ал, кейін төле» сервисі. Мұнда тауардың құны бірнеше төлемге бөлінеді. Мысалы, 120 мың теңгелік тауарды төрт рет 30 мың теңгеден төлеуге болады. Бірақ қызметті кім ұсынатынын, төлем кестесін және қосымша шығындардың бар-жоғын алдын ала анықтаған дұрыс.

Үшінші нұсқа – сатушының өзі ұсынатын бөліп төлеу. Бұл жағдайда төлемнің мерзімі мен тәртібі сатушы мен сатып алушы арасындағы келісімге байланысты болады.

Сатып алмас бұрын нені ескеру керек?

Мамандар бөліп төлеу кезінде мына жайттарға назар аударуды ұсынады:

  • Жалпы құнын салыстырыңыз. Ай сайынғы төлемге ғана қарамай, тауар немесе қызмет үшін барлығы қанша төлейтініңізді есептеңіз.
  • Қосымша шығындарды тексеріңіз. Комиссиялар мен қосымша қызметтерге ақы қарастырылған-қарастырылмағанын анықтаңыз.
  • Шартты мұқият оқыңыз. Төлем мерзімін өткізіп алған жағдайда қандай салдар туындайтынын біліңіз.
  • Бюджетті есептеңіз. Бірнеше бөліп төлеу мен кредиттің ай сайынғы төлемдері қосылып, отбасы шығынын арттыруы мүмкін.
  • Тауарды қайтару тәртібін анықтаңыз. Егер сатып алуға банк немесе арнайы сервис қатысса, тауарды қайтарғаннан кейін міндеттеменің тоқтатылғанын не өзгертілгенін тексеріңіз.

Қазақстан заңнамасында тиісті сападағы азық-түлік емес тауарларды белгіленген талаптар сақталған жағдайда 14 күн ішінде айырбастауға немесе қайтаруға мүмкіндік берілген. Алайда тауарды сатушыға қайтару мен бөліп төлеу міндеттемесін тоқтату бөлек рәсімдер болуы мүмкін. Сондықтан төлемдерді өз бетіңізше тоқтатпай, алдымен міндеттеменің мәртебесін нақтылаған жөн.

Мысалы, смартфонға ай сайын 25 мың теңге, тұрмыстық техникаға 20 мың, жиһазға 30 мың және басқа сатып алуларға 15 мың теңге төленсе, ай сайынғы шығын 90 мың теңгеге жетеді. Бұған өзге кредиттер қосылса, қаржылық жүктеме одан әрі артады.

Сондықтан бөліп төлеуді рәсімдемес бұрын оның жалпы құнын есептеп, барлық міндеттемеңіздің отбасылық бюджетке әсерін бағалаған дұрыс.

Оқи отырыңыз: Алматыда жылыту маусымына байланысты қауіпсіздік шаралары жүргізіліп жатыр