Органикалық өнімдер саласында стандарттаудың үш бағыты қарастырылған
Елімізде сауда саласында стандарттауды дамытуға ерекше назар аударылады. Бүгінгі таңда ұлттық стандарттар тауар қозғалысының бүкіл тізбегін – сауда инфрақұрылымы мен логистикадан бастап, тұтынушыға өнімді өткізуге дейін қамтиды. Ішкі сауда қағидаларында 10 ұлттық стандартқа сілтемелер бар, оларды заңнамада көзделген жағдайларда, соның ішінде кейіннен өткізу үшін азық-түлік тауарларын сатып алу кезінде қолдану міндетті болып табылады. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қанат Қабылбеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның мәлімдеуінше, бұл бағыттағы жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.
«Біріншісі – фулфилмент-орталықтарына арналған стандарттарды қоса алғанда, сауда инфрақұрылымын және электрондық коммерцияны дамыту. Екіншісі – температуралық режимді сақтай отырып, өнімді сақтау мен тасымалдауды қоса алғанда, барлық кезеңде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үшіншісі – стандарттарды жетілдіру және тауар жеткізу тізбегінің қатысушыларына қойылатын талаптарды нақтылау есебінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары айналымының ашықтығын арттыру», – деді спикер.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында стандарттау жөніндегі жұмыстар экономиканың әртүрлі саласының ерекшеліктерін ескере отырып, өнімдердің нақты түрлері бойынша жүргізілуде. Мұнай-газ өнеркәсібінде күштік кабельдерге арналған термиялық төзімді полимер құбырларға арналған стандарт әзірленді. Стандарт осы өнімге қойылатын талаптарды белгілеуге және оның пайдалану кезіндегі сипаттамаларының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Органикалық өнімдер саласында стандарттаудың үш бағыты қарастырылған - өндірушілерді топтық сертификаттау, жабайы өсетін шикізаттан алынған органикалық өнімдер және PGS бірлескен кепілдік жүйелері. Осы бағыттар органикалық өндірісті дамытуға және тиісті өнімге деген сенімді қалыптастыруға ықпал етеді.
Азық-түлік қауіпсіздігі саласында стандарттау тамақ өнімдерін өндіру, буып-түю, тасымалдау және сақтау процестерін, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауданы қамтиды. Тамақ өнімдерін, азық-түліктер мен орауыштарды жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Осы мақсаттар үшін ҚР СТ ISO 22002 сериялы стандарттар көзделген. Тамақ өнеркәсібінде бөлек бағыт пастерленген түйе сүтімен байланысты. Мұндай өнімге арналған стандарттарды әзірлеу және енгізу оның сапасы мен қауіпсіздігіне бірыңғай талаптарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Құрылыс саласында стандарттар өнімнің бірнеше түрін қамтиды. Гипсокартон табақтарына, фиброцементті қабырға панельдеріне, қауіпсіз әйнекке және жылыту аспаптарына арналған. Тағы бір перспективалы бағыт - аддитивті технологияларға арналған өнімдер. Бұл саладағы стандарттаудың дамуы жаңа өндірістік технологиялар үшін нормативтік базаны қалыптастырумен байланысты.
Оқи отырыңыз: Электронды еңбек биржасына 1 млн-нан астам бос жұмыс орны жарияланды