«Жеке темір тұлпардан бас тартып, қоршаған ортаға зияны аз көлік түрін таңдау өте маңызды». Бұл – экологтар мен урбанистердің пікірі. Қала атмосферасына жылына шамамен 190 мың тонна зиянды зат шығарылса, соның 100 мыңы автокөліктен бөлінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы көшелерін бір тәулікте миллионға жуық автокөлік басып өтеді. Транспорт санының көптігі әсер етсе керек, шаһар тынысы әзірге тарылып тұр. Мамандардың айтуынша, көктегі қара түтіннің 60 пайызы дәл сол темір тұлпарлардан бөлінеді. Әрине, олардың қатарында ауаға 14 есе көп зиянды қалдық шығаратын ақауы әлі де жойылмаған көліктер бар. Бұл мәселенің мән-жайын жақсы білетін экологтар қалада жеке транспортты азайту – ахуалды жақсартудың бірден-бір жолы екенін айтты.
«Алматыда автокөлікті азайту үшін қоғамдық көлік жолағын және оның санын арттыруымыз керек. Бағытын да реттеу маңызды. Себебі автобус пен троллейбус көшедегі транспорт жүктемесін айтарлықтай төмендетеді. Атап өтер жайт, аялдамалар да көше қиылысына жақын орналасса, қозғалыс үшін тиімділік туындар еді. Сондай-ақ қалада кішігірім транспорт түрін дамытып, олар үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Кейбір автотұрақтардың орнын жүретін алаңға арнау керек», – деді эколог Тимур Елеусізов.
Еуропа мемлекеттерінде ескі көлік мәселесі оңтайлы түрде шешіледі. Бұл елдерде «Таза ауа аймағы» аталатын орын көп. Яғни, мұндай белгісі бар жерде экологиялық талапқа сай келетін көліктер ғана жүре алады. Мысалы, бастама нәтижесінде Лондонда жылы ескі, ақауы бар транспорт саны 60 пайызға азайған. Ластану деңгейі де төмендепті.
«Барселонада соңғы 20 жылда веложолақ саны бірнеше есе артты. Әр көшеде бар десем, қателеспеймін. Сонымен қатар бұл жақта техникалық байқауға да көп мән беріледі. Біздің елдегідей жүргізушілерден ақша алып, көлікті суретке түсіріп жібере салмайды. Толық тексеріс жүргізіледі. Ауаны ластап жүрген темір тұлпар бірден анықталады», – деді урбанист Дәурен Әлімбеков.
Сарапшылар Алматы да әлем елдеріндегі табысты тәжірибені қайталай алатынына сенімді. Қазірдің өзінде, шаһарда экоаймақ құру ісі талқыдан өтіп жатыр. Жаңашылдық кезең-кезеңімен енгізіледі. Жобаны бастапқыда қала орталығында іске қосу көзделіп отыр. Алғашқыда мұндай аймаққа дерек жинау үшін барлық көлік тегін кіргізіледі. Кейін алынған көрсеткіш жаңа экологиялық талаптың негізіне айналады.
«Мұндай шектеудің екі түрі болады. Біріншісі қалаға ақылы түрде кіретіндерге, екіншісі зиянды зат аз бөлінетін орындарға баратындарға қатысты. Мысалы, Испанияда белгіленген экоаймақтарға бірнеше жыл бұрын шыққан автокөліктер еніп кетсе, оларды бірден камераға түсіретін мүмкіндік қарастырылған. Тәртіп бұзғандарға 100 немесе 200 еуро көлемінде айыппұл салынады», – деді урбанист Дәурен Әлімбеков.
Алматыда экологиялық жағдайды реттеу үшін көліктен бөлінетін зиянды зат мөлшерін тексеру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен бір жылдың ішінде 200 мыңнан аса темір тұлпар бақылаудан өткен. Іс қорытындысына сай әр алтыншы жүргізушінің талапты бұзғаны анықталған. Ақауы бар техниканың санын азайту мақсатында қалада ескі автокөліктерді сатып алу бағдарламасы дайындалып жатыр. Егер бастама жүзеге асса, ауа сапасының да жақсара түсетіні анық.
Рүстем Айткәрім, Думан Дәулетбақұлы, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Жасанды интеллектіні қолданудың жаңа ережесі бекітілді