Таза ауа: Алматы көшелеріне ауа сапасын бақылайтын құрылғы қойылды

Ол мамандардың бірден зерттеу жүргізіп, экологиялық жағдайға сай шешім қабылдауына септігін тигізбек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған, баламасы жоқ жаңа технология пайда болды. Жасанды интеллектінің көмегімен ауадағы аллергендерді дәлме-дәл анықтауға мүмкіндік беретін құрылғы нақты уақыт режимінде жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының басты көшелеріне қойылған арнайы құрылғы ауа сапасын үздіксіз бақылайды. Ал оның нәтижелері сол сәтте-ақ жасанды интеллектінің көмегімен компьютер бетіне түсіріледі. Бұл мамандардың бірден зерттеу жүргізіп, экологиялық жағдайға сай шешім қабылдауына септігін тигізеді. Сонымен қатар құрылғының жұмысына жауапты ұйым экология тақырыбын қоғамға жеткізудің заманауи үлгісін ойлап тапқан. Бұл жоба ауа сапасына қатысты мәселені әзіл, эмоция арқылы қоғамдық санаға жеткізуді мақсат етеді. Әдіс қала тұрғындарын бейжай қалдырмай, ортақ диалогқа жетелемек.

«Алматы қаласы және облыстарында 170 құрылғы қойдық. Ақпаннан кейін наурыз,сәуір айларында ауа сапасы өзгереді, жақсарады.  Бірнеше форматтардың қосылуы, стендап, монологтар және визуалды кино сияқты көрсетіледі. Креативті сторителлинг, әзіл түрінде де кездеседі. Оны көргеннен кейін «улы тұман күлетін нәрсе емес екенін» түсінесіздер. Бұл өте маңызды дүние. Мақсат – жастардың ауа сапасын жақсарту жауапкершілігін арттыру», – деді қор жетекшісі Жұлдыз Сәулебекова.

Жоба авторы – танымал режиссер Қуаныш Бейсек. Ол стендап жанры арқылы  қала тұрғындарының назарын экология мәселесіне аударудың маңызы зор деп отыр. Жастар тілінде сөйлей отырып, олардың өмірден алынған жағдайларға терең үңілуіне, жалпы көрерменмен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бар.

 «Жаңа идея керек, қызық, жастардың тілінде айтатын жоба қажет дегендіктен, осындай жаңа жобаны ойлап шығардық. Стендаперлармен бірге монолог жасадық. «Таза ауа» деген жоба. Күлкілі әзілдер форматында «смог» деген өзекті мәселені көтеру. Адамдар пакет тастағанда, үйінде дөңгелекті отқа жаққанда ойлануы керек. Мақсат – адамдарды көбірек ойландыру, «мәселені қалай шешсек болады?» деген мәселені талқылату», – деді  режиссер Қуаныш Бейсек.

Жоба ауқымы кең. Жаңа тәсіл жастар аудиториясын қамтып қана қоймай, әлеуметтік желі мен офлайн алаңдарда кеңінен талқыланады. Экология тақырыбын трендке айналдырып, азаматтық белсенділікті арттырмақ.

Сайлаубек Тоқтамұрат, Думан Дәулетбақов

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров