Таза ауа: Алматыда қоқыс шығару қызметін көрсететін 20 ұйым жұмыс істейді

27.01.2026 15:58

Экология департаменті 125 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 109 заңбұзушылық анықталған

Алматының экология департаменті 125 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 109 заңбұзушылық анықталған. Бұл туралы жауапты департаменттің басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дінмұхамед Лесбековтің айтуынша, 2025 жылы экологиялық реттеу бөлімі «Е-лицензиялау» порталы арқылы мемлекеттік қызметтің 5 түрін ұсынған. Осы кезеңде барлығы 210 өтініш қабылданып, олардың дені қоршаған ортаға әсерді бағалау қажеттілігін анықтауға бағытталыпты.

Айта кетейік, мегаполис аумағында қоршаған ортаға елеулі ықпал ететін I санатқа жататын 18 нысан жұмыс істеп тұр.

«Алматы жұртшылығына атмосфералық ауаны қорғау ережесі қабылданды. Бірақ қабылдана сала, қолданысқа енеді деген сөз емес. Ережеміз ресми жарияланымнан кейін 60 күнтізбелік күн ішінде қолданылады. Ал кейбір пункттер келесі жылы 2027 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді», – деді Экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбеков.

Сонымен қатар жиын барысында Экология департаменті ғарыштық мониторинг жүргізу нәтижесінде былтыр қала аумағында тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төккен 10 ошақтың анықталғанын мәлімдеді. Медеу, Түрксіб және Алатау аудандарында орналасқан бұл жерлер жергілікті атқарушы органдардың күшімен толықтай жойылған. Сондай-ақ шаһарда қоқыс шығару қызметін көрсететін 20 ұйым жұмыс істеп тұр. Аталған мекемелер өткен жылы 536 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықты жинап, сыртқа шығарған. Сондай-ақ сала мамандарының айтуынша, егер тұрғындар үйлерінің маңында ауа сапасының нашарлағанын байқаса, тиісті органдарға өтініш білдіруге мүмкіндігі бар.

«Біріншіден, «Е өтініш» порталы арқылы жазбаша өтініш берсе болады. Өтінім алған күннен бастап 15 күн ішінде қаралатын болады. Міндетті түрде зертханалық талдамалық бақылау бөлімінің сынақ зертханасы орынға шығып, мекеменің санитарлық қорғау аймағында өлшемдер жүргізеді», – деді Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы Аяжан Әбдіқадырова.