Таза Қазақстан: елімізде 400-ден аса экологиялық іс-шара өткен

21.04.2026 20:46

Науқан аясында 1,7 миллионнан аса ағаш отырғызылған

Елімізде өткен жылы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 400-ден аса экологиялық іс-шара өткен. Науқанға шамамен бір жарым миллионға жуық адам қатысып, 120 мың тоннадан аса қалдық жиналыпты. Сондай-ақ 1,7 миллионнан аса ағаш отырғызылған. Бұл атқарылған жұмыстар - экологияның мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналып келе жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа Ата заңда қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидаты бекітілді. Оны қорғау – мемлекеттің міндеті, ал азаматтар экологиялық талаптарды сақтауға тиіс. Бұл – өте маңызды шешімдердің бірі, себебі экологияның жай-күйі адамдардың өміріне, ауа мен судың сапасына, халықтың денсаулығына тікелей ықпал етеді дейді экологтар.

«Бұл – кешенді бағдарлама. Білім беру саласымен де жұмыс істеу қажет. Мәселен, мектептер мен колледждердеғ тұрғындармен де тығыз байланыс керек. Бұл ретте мектеп бағдарламаларына қызықты, ойын түріндегі жобаларды енгізген жөн. Студенттермен көбірек жұмыс істеген де маңызды, себебі, олар – біздің болашағымыз. Осы тұрғыда жастармен бірге жобалар ойлап тауып, жүзеге асыру қажет», – деді эколог Евгений Мұхамеджанов.

Конституцияда азаматтардың қоршаған ортаның жай-күйіне қатысты жеке жауапкершілігі де атап көрсетілген. Экология бірнеше рет қолдануға жарамды ыдыстарды пайдалану, артық тұтынудан бас тарту, су мен электр энергиясын үнемдеу сынды қарапайым әрекеттерден басталады.

«Тиімді әрі орынды тұтыну – экологиялық мәдениеттің негізі. Яғни, егер зат менде жеткілікті болса, артығынан сатып алмаймын. Ең басты экологиялық сұрақ – «Неге?». Егер әр әрекетіңнің алдында осы сұрақты қойсаң, экологиялық жауапкершілігі жоғары адамға тез айналуға болады», – деді эколог Евгений Мұхамеджанов.

Одан бөлек, экологиялық талаптар да күшейтілуде. Табиғатқа келтірілген залал үшін жауапкершілік бекітіледі. Бұл өзгеріс компаниялар үшін бұзылған аумақтарды қалпына келтіру, зиянды шығарындыларды азайту және экологиялық таза технологияларды енгізу міндетін жүктейді.

«Қазіргі таңда ел экономикасын дамыту, инвестиция тарту бағытында ауқымды мақсаттар қойылып отыр. Осы тұрғыда 8-бап меншік иелерінің қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетеді. Өнеркәсіптің барлық саласында экологиялық заңнама толық жұмыс істесе, еліміздің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын білдіреді», – деді эколог Алма Қарашқызы.

Табиғатқа жанашырлық тал бесіктен басталады.  Әр үнемделген су, әр отырғызылған ағаш, әр жиналған қоқыс – ел болашағына қосқан үлкен үлес. Сондықтан қоршаған ортаға деген қамқорлық – әр азаматтың міндеті дейді мамандар. 

Айдана Шалқар, Жанна Руслан, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Астана – Ұлан-батыр бағытындағы тікелей әуе рейсі ашылады