Таза Қазақстан: Созақ ауданында тұрғындар туған өлке тазалығын қалай сақтап жүр

06.10.2026 16:15

Қоғамдық орындарды ластағандар 3 миллион теңгеден астам айыппұл арқалаған

Тазалықты сақтау тек айыппұлдан қорқу емес, күнделікті әдетке айналуы керек. «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі бағыттарының бірі де – азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыру. Түркістан облысының Созақ ауданында қоғамдық орындарды ластағандар 3 миллион теңгеден астам айыппұл арқалаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдімекеннің тазалығы ең алдымен тұрғындардың өз ауласынан басталады. Ал аула мен көше көркейсе, ауылдың да келбеті өзгереді. Созақ ауданында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында көшелер мен қоғамдық орындарды ретке келтіруге тұрғындар да атсалысып келеді. Соның арқасында бұрын абаттандыруды қажет еткен аумақтар біртіндеп жасыл желекке бөленіп, ауылдың ажары да өзгере түскен.

«Тұрғындар ауласын таза ұстап, экологиялық мәселеге үлес қосады. Ауыл абаттанған, бала кезімізде бірде-бір ағаш жоқ еді. Қазір жемісін жеп жатыр», – деді  Жуантөбе ауылының тұрғыны Мәдина Серғазиева.

Игі бастамаға ауыл жастары да үн қосып отыр. Олардың қатарында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен арнайы келген жас мамандар аз емес. Белсенді жастар тек сенбіліктерге қатысып қана қоймай, күнделікті тұрмыста да туған өлке тазалығына жауапкершілікпен қараудың өнегелі үлгісін көрсетіп жүр.

«Тазалық тек сенбілік кезінде емес, күнделікті өмірде сақталу керек деп ойлаймын. Мектеп ұжымы мен оқушылар ауламызды, мектебімізді таза ұстауға атсалысып келеміз. Өзім жас маман болғандықтан, тазалықты сақтап, насихаттауға тырысамын», – деді жас маман Ерболат Ынтымақ. 

Шалғай елдімекендерде арнайы коммуналдық кәсіпорындар болмағандықтан, тазалық жұмыстарын жергілікті әкімдік пен жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырады. Тұрақты жұмысқа тартылған азаматтар аумақтарды қоқыстан тазартып, тәртіпті қадағалайды.

«Сағат 9:00-ден сағат 13:00-ге дейін тазалық жұмыстары жүргізіледі. Көшені тұрғындар тазалап, жиып қойған қоқысты алып кетемз», – деді тазалықшы Ерболат Мизамбаев.

Талапты орындамағандарға жауапкершілік те бар. Биыл сегіз айда Созақ ауданында қоғамдық орындарды ластаған 171 дерек тіркеліп, 3,4 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Ал абаттандыру талаптарын бұзған 95 адамның 61-іне ескерту жасалыпты.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыда жыл соңына дейін үш жаңа емхана салынады

Толық көрсету