Таза Қазақстан: Алматыда бақылаусыз жатқан аумақтар қоқыстан тазарды

18.07.2025 18:46

Алатау және Жетісу аудандарында 100 текше метр қалдық шығарылды

Алматының екі ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Науқанға жүз жиырмаға жуық адам қатысып, бақылаусыз жатқан аумақтарды қоқыстан тазартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда өткен кезекті науқанға 100-ден аса адам қатысты. Белсенділер Алатау ауданындағы бос жатқан аумақ пен Жетісу ауданындағы Ноғайбаев көшесін жинады. Тазалық іс-шарасы қалалық экология департаменті, экологиялық полиция қызметі мен аудандық әкімдіктердің ұйымдастыруымен өтті. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениет қалыптастыру.

«Бізге күніне 10-нан аса қоңырау түседі. Бірден аталған аймаққа барып, тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Тазалыққа қатысты талаптарды бұзған заңды және жеке тұлғаларға әкімшілік айыппұл саламыз. Ол үшін бейнекамералар да орнаттық. Заманауи технологиялардың арқасында түкіруден бастап, заңсыз қоқыс тастауға дейін анықталып жатыр», – деді Полиция департаменті басқармасының аға инспекторы Нұрлан Қарпықов.

Мамандар мұндай іс-шараларға қатысып, өзі тұрып жатқан аймақты таза ұстау, айналып келгенде әр азаматтың парызы екенін айтады. Сондықтан азаматтарды қоршаған ортаны ластамауға шақырады.

«Аудандардағы көп бақылаусыз жатқан қалтарыстарда, мемлекеттік қорға тиесілі жерлерде, өзен аңғарларында қоқыс алаңдары кездесіп жатады. Тұрғындардың экологиялық мәдени деігейіне қарай, қоқыс жиналып қалады. Бұл бір мекеменің немесе бір адамның мойынындағы жүк емес. Қоғам болып жұмыс жасайтын іс әрекет екенін айтқым келеді», – деді Экология департаменті басшысының орынбасары Дінмұхаммед Лесбеков.

Алматы қаласында биыл «Таза Қазақстан» экологиялық шарасына 120 мыңнан астам адам қатысқан. Шамамен 9 мың тонна қоқыс шығарылыпты. Мамандардың айтуынша, науқан бұнымен тоқтамайды. Алдағы аптада шаһардағы 8 аудан да сенбіліктер өткізіледі.

Диана Тұрлыбек, Ғани Калуов

Оқи отырыңыз: Алматының барлық ауданында екі апта бойы жылу желілері тексеріледі