Аудандық маңызы бар жолдың 12 шақырымы қоқыстан тазартылды
Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданына ағылатын туристер қоқыс қалдырып, көркем өңірдің экологиясын бүлдіріп жатыр. Жағдай ушығып кеткен соң, белгіленбеген жерді ластағандарға айыппұл салынып, тәртіп күшейтілген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ауданда биылдың өзінде 642 әкімшілік хаттама толтырылып, 11,3 миллион теңге айыппұл салынған, ал 130 тұрғынға ескерту берілген.
«Демалушылардың артынан өте көп қоқыс қалады. Оны жүздеген қоғамдық жұмысшылар жинап, тонна қоқыс алып шықты. Ешқандай кепілдік жоқ, ертең дәл осылай қайталады. Қазан-табақ, қоқысты шашып, сол жерге от жағып жатыр. Өрт қауіпсіздігі бар. Суға ағып кетуі мүмкін балалармен демалып жатыр», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.
Табиғат жанашырлары іле-шала Біркөлік, Қасқасу сияқты демалыс аймақтарында «Таза Қазақстан» акциясын өткізген. Ауқымды іс-шараға 130-ға тарта адам қатысты. Олар Сайрамсу мен Қасқасу өзендерінің бойында 6,5 шақырымдай аумақтан тұрмыстық қалдықтарды жинап, демалушылар ластап кеткен орындарды ретке келтірді. Сондай-ақ аудандық маңызы бар жолдың 12 шақырымын қоқыстан тазартты.
Оқи отырыңыз: Есірткі қылмысы: Индонезияда екі қазақстандық күдікке ілінді