Тазалық күндері: Алматы облысында туристік аймақтарды тазалауға 39 мыңға жуық адам қатысты

04.05.2026 18:18

Үш күнге созылған тазалық науқанына 760 тоннадан астам қоқыс шығарылды

Алматы облысында 3 күнге созылған «Тазалық күндері» экологиялық акциясы қорытындыланды. Ауқымды іс-шараға 39 мыңға жуық адам қатысып, туристік аймақтардан 760 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстары өңірдің ең танымал демалыс орындарын қамтыды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үш күнге созылған тазалық науқанына мыңдаған тұрғын қатысты. Көлсай, Қайыңды, Есік көлдері, Шарын және Түрген шатқалдары, Қапшағай жағалауы сынды танымал туристік нысандар тазартылды. Сонымен қатар Балқаш көлінің жағалауы мен Қаскелең шатқалында да экологиялық акция жалғасын тапты. Нәтижесінде 760 тоннадан астам қоқыс шығарылып, бұлақтар мен бастаулардың көзі ашылды.

«Таза Қазақстан» акциясы барысында «бұлақ көрсең – көзін аш» және «өз ағашыңды өзің ек», «табиғатты ластама» сынды көп тақырыптарда жұмыстар атқарылып жатыр. Өздеріңіз көрегндей, бүгін 300-ге жуық ағаш егіліп жатыр. Дүниенің бастамасы су ғой. Табиғаттың нәрі, адам да сусыз өмір сүре алмайды. Сондықтан бұлақтар мен бастаулардың көзін ашу және солардың басын тазарту жұмыстары жүргізілді», – деді «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов.

«Қаламызды тазарту, жаңа Қазақстанды өзімізден бастауымыз қажет. Біз 20 тонна қоқыс жинадық. «Апикс» ұйымымен осындай игі істердің бастамасына келдік», – деді  ерікті Заина Нұржанова.

Осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отырған акция барысында жекелеген аудандар да жоғары көрсеткіш көрсетті. Еңбекшіқазақ ауданында 173, Қарасай ауданында 140, Кеген ауданында 113 тонна қоқыс жиналды. Іле ауданында – 82, Алатау қаласында – 71, ал Талғар ауданында 58 тонна қалдық шығарылған. Сонымен қатар науқанға жүздеген арнайы техника жұмылдырылып, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары да қатар жүргізілді. Нәтижесінде 13 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Қорытынды іс-шара Қаскелең шатқалында өтті. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев тазалық жұмыстарына белсенді қатысқан тұрғындарға алғыс білдіріп, бұл бастаманың жалғасатынын айтты.

«Бұл жердің бәрін тазалап үлгермейміз. Бастысы халық ластамауға тырысуы керек. Егер ластамасақ, оны тазалаудың да қажеті жоқ. Кеше Іле ауданында, алдыңғы күні  Қонаев қаласында болдық. Әдемі жерлер,  табиғаттың бізге берген сұлу төрлері деп айтсақ болады. Сол жерлерді тазалығын қадағалап, дұрыс ұстауымыз керек», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Тазалық науқаны барысында белсенді қатысушылар мен ұйымдар арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Олардың қатарында ең белсенді еріктілер, үлгілі ауылдар мен таза көшелер бар. «Тазалық күндері» акциясы өңірдің экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, туристік аймақтардың тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Олжас Омарбек, Ялкунжан Әшімжанов,  Алматы облысы