Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты
«Таза Қазақстан» бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тың идеялармен, креативті жобалармен толықтыру қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, «үшінші сектордың» басты міндеті — қоғамда Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру.
"Бұл жұмыстың маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Сіздер осынау мемлекеттік және қоғамдық қағидаттардың мәні мен мақсатын жақсы түсінесіздер. Өкінішке қарай, мәдениетсіздік фактілерімен жиі бетпе-бет келеміз. Табиғатты, қоғамдық орындарды қасақана ластайды. Қоғамға, мемлекетке қарсы мұндай бейбастық әрекеттерге жазаны күшейткен дұрыс деп есептеймін", — деді Мемлекет басшысы.
«Таза Қазақстан» — адамның айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші, мемлекет өркениетінің маңызды өлшемі екені айтылды.
"Қалаларымыз бен ауылдарымыздың біразында жоғары экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп үлгісін көріп-байқап жүрміз. Бұл бізді қуантады. Қазақстанды қонақжай әрі қауіпсіз ел ретінде таниды. Енді осы артықшылықтарымызбен қоса, тазалықты да ұлттық брендке айналдыруымыз керек", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізге келген қонақтар қазірдің өзінде қалаларымыздың келбетіне тамсана қарайды. Бұл Қазақстанның туристік әрі инвестициялық тартымдылығын еселей түседі.
"Осындай жетістіктерді ел аумағында таратуымыз керек. «Таза Қазақстан» бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тың идеялармен, креативті жобалармен толықтырған жөн", — деді Президент.
Оқи отырыңыз: «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы арқылы тұтас ұлтымыздың болмысын өзгертіп жатырмыз - Мемлекет басшысы