Тұрғындар таңертең жұмысқа, балалар балабақша мен мектепке қатынай алмай әуре-сарсаңға түседі
«Қаланың ішінде тұрып жолдың азабын тартып келеміз». Бұл – түркістандық тұрғындардың шағымы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұмабек Тәшенов, Тәттімбет, Сұлтан Бейбарыс. Атағынан ат үркетін тұлғалардың атын иемденген бұл көшелердің қазіргі кейпі – осы. Тас төселген ойдым-ойдым жолмен жүрсеңіз, жазда шаң көтеріледі. Жауын жауса, ми батпаққа айналады.
«Көшемізге тас төгілмеген. Жол жоқ, шаңы бетіне шығып жатыр. Жазда топырақпен алысамыз. Көктемде батпақ, жүруге ыңғайсыз», – деді қала тұрғыны Мадина Мұсабекова.
Жолдың жоқтығы жұртты әбден титықтатып, қажытып жіберген. Тұрғындар таңертең жұмысқа, балалар балабақша мен мектепке қатынай алмай әуре-сарсаңға түседі. Себебі жөні түзу жол болмаған соң, қоғамдық көлік те жүрмейді.
«Баяғы балшық, лай. Бала-шағамыз жаңбыр жауса, сабаққа бара алмайды. Жүретін көлік жоқ. Жан-жағымыздың барлығында асфальт бар. Тек біздің аудан дамымай қалған», – деді қала тұрғыны Ержан Сейсенбаев
Ал жауаптылар болса, Бірлік ықшамауданында кәріз жүйесі біртіндеп қалыпқа келгенін айтты. Қазір әр үйге құбыр тартылуда. Сондықтан жұмыс толық аяқталмай, жаңа жолды салу мүмкін емес. Демек биыл көшелерге асфальт төсеу жоспарланбаған.
«Көше бойында қазба жұмыстары мүлде жүргізілмейтін көшелерде орташа жөндеу, аяқ жол, асфальт төсеу жұмыстары іске асырылуда. 2026 жылы Бірлік секторындағы басты көшелеріне асфальт төселетін болса, 2027 жылы ішкі орам көшелеріне жол жөндеу жұмыстары іске асырылады», – деді Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының сектор меңгерушісі Бексұлтан Ыдырыс.
Кейінгі жылдары қала аумағы ұлғайып, халық саны едәуір өскен. Шаһар бойынша 159 көшеге жөнделеуі керек.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Жасөспірімдер неше жастан бастап жұмыс істей алады