Тектілік символы: құмай тазы қалай дәріптеліп жатыр

03.09.2026 20:15

3 қыркүйек – қазақы тазы мен төбетке арналған атаулы күн

Жүйрігін баптап, қыранын қондырған қазақ бүгін тағы бір төл мұрасын ұлықтайды. Себебі 3 қыркүйек – қазақы тазы мен төбетке арналған атаулы күн. Ғасырлар бойы халқымызға серік болған қос тұқымды дәріптейтін бұл мереке биыл алғаш рет ресми түрде аталып өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соның ішінде жеті қазынаның біріне баланған құмай тазының қазақ танымындағы орны айрықша. Аңшылық пен саятшылықтың сәнін келтірген шашақ құлақты жүйрік бүгінде ұлттық мұра ретінде қайта дәріптеліп, халықаралық деңгейде де таныла бастады. 

Ақыл Еркінұлының құмайға деген құмарлығы бір күнде оянған жоқ. Ол 10 жылдан бері тазы асырап, жүйрік иттің бабын келтіріп келеді. Бүгінде оның Алматы облысы Рахат ауылындағы үйінде 8 тазысы бар. Әрқайсысының мінезі бөлек, бабы да басқа. Итбегінің айтуынша, шашақ құлақты жүйріктің тектілігі сыртқы сымбатымен ғана өлшенбейді. Нағыз құмай тазының алғырлығы мен ептілігі кең далада аңға салғанда анық байқалады.

«Жылқыны мінеміз, бағамыз, жанымызда ертіп жүреміз. Тазының тұқымын көбейтейік, тазалайық деген ниетте ұстап, асырап отырмыз. Қолымда өзім ұстап отырған 3 тазым, үлкен тазы, бес күшігім бар. Күшіктер келесі жылы дайын болады», – деді итбегі Ақыл Рыскелдиев.

Бұл тазының аты – Көксерек. 7 жасар шашақ құлақты ит осы уақытқа дейін 20 жарыс пен көрмеге қатысып, жартысынан көбінде топ жарған. Өйткені Көксеректің иесі оның жүрісіне, дене бітіміне, жалпы азығына ерекше назар аударады. Өйткені бәйгеге қосқан тұлпардай тазыны баптау да үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

«Тазы деген негізі бос жүру керек. Бұл байлауды жақтырмайды. Емін еркін, таулы жерде жүреді. Азығына келетін болсақ, таза ет береміз. Қысы жазы ет жейді. Одан кейін маусымына, уақытына қарай баптаймыз. Жүгіртеміз, дайындаймыз. Етін түсіреміз аздап кішкене, жазда біраз семіріп алады. Одан кейін уақыты келген кезде біраз етін тастайды», – деді итбегі Ақыл Рыскелдиев.

Бүгінде елімізде асыл тұқымды иттердің бірыңғай кітабына 4 мыңға жуық қазақы тазы енгізілген. Алайда мамандардың айтуынша, шашақ құлақты жүйріктің нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін. Ал 2024 жыл қазақы тазы үшін тарихи кезең болды. Себебі Халықаралық кинология федерациясы оны дербес тұқым ретінде танып, түп-тамыры қазақ даласынан бастау алатынын ресми түрде бекітті.

«Тазыға шетелдік сарапшылар қатты қызығады.  FCI Қазақстандық кинологтар одағының жұмысын дұрыс бағалап, тазыны мойындап отыр», – деді сарапшы Айбол Алпысбаев.

Сарапшылар ендігі кезекте құмай тазының тектілігін жоғалтпай, асыл қасиетін кейінгі буынға аманаттау маңызды екенін айтады. Ал биыл алғаш рет ресми аталып өтіп жатқан атаулы күн – бабадан жеткен асыл тұқымды ұлықтап, оның қадірін арттыруға жасалған алғашқы қадам.

Мәди Мәлік, Хангелді Ахметханов, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Ұлы даладан әлемдік аренаға дейін: 3 қыркүйек – Қазақ тазысы күні

Толық көрсету