Телефон алаяқтарының айласы: павлодарлық зейнеткерлер жарақат алды

16.07.2026 15:03

Полиция алаяқтардың әрекетіне қатысты тергеу жүргізіп жатыр

Павлодарда егде жастағы ерлі-зайыпты телефон алаяқтарының айласына түсіп, банк бөлімшесінде жарылыс жасады. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Кадрлардан зейнеткерлердің үстел үстіне торт салынған пакетті қойғаны көрінеді. Көп ұзамай тәттінің ішіне жасырылған петарда жарылып, салдарынан ерлі-зайыпты түрлі жарақат алған. Тағы бір бейнежазбада жарылыстан кейін үстелдің қанға боялғаны байқалады.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға кеше болған. Алдын ала мәлімет бойынша, зейнеткерлер бұған дейін телефон алаяқтарының құрбаны болып, жалған инвестициялық жобаға ақша салған. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккен 75 жастағы әйел мен 78 жастағы ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін Павлодар облыстық ауруханасына жеткізілген. Қазіргі уақытта олардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында.

«Әйелдің беті, мойны және екі қолы І–ІІ дәрежелі термиялық күйік алды. Көзі де жеңіл дәрежеде зақымданған. Науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді. Ал ер адам жеңіл дәрежеде көз күйігін алған. Оған да қажетті офтальмологиялық көмек көрсетіліп, тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді», – деп хабарлады Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Алатау қаласы цифрлық қаржы мен инновацияның жаңа орталығы болады – Тоқаев