Құжат ең алдымен ауылдық және шалғай өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтерді дамыту қажеттілігін ескере отырып, №167 «Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен жарақтандырудың ең төмен стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министрліктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, құжат медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, соның ішінде заманауи технологиялық шешімдер енгізе отырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру арқылы, ең алдымен ауылдық және шалғай өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Жаңартылған стандарттар телемедициналық өзараіс-қимылды дамытуға және медициналық көмек көрсету үдерістерін цифрландыруға бағытталған медициналық ұйымдарды жарақтандырудың бірыңғай тәсілдерін белгілейді.
Атап айтқанда, медициналық деректерді цифрлық форматта беруге және медициналық ақпараттық жүйелермен интеграциялауға мүмкіндік беретін портативті медициналық жабдықтардың ең төменгі тізбесі бекітілді. Бұл талаптар негізінен аудандық деңгейден төменгі ауылдық жерлерде орналасқан бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына қатысты.
Білім беру ұйымдарындағы медициналық кабинеттер үшін де жеке талаптар қарастырылған. Олардың қатарында балаларға профилактикалық тексеру жүргізуге және нәтижелерін бейінді мамандардың қашықтан талдауына мүмкіндікберетін жабдықтар бар.
Сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне арналған арнайы жарақтандыру стандарты бекітілді, бұл осы санаттағы азаматтардың медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құжатта жабдықтардың тізбесімен қатар олардың функционалдық сипаттамаларына қойылатын талаптар да айқындалған. Атап айтқанда, медициналық деректерді цифрлық форматта беру, сақтау және ақпараттық жүйелермен біріктіру міндеттеледі. Бұл медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз етеді.
Қабылданған нормаларды іске асырутелемедициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге, бастапқы деңгейдегі диагностиканың тиімділігін арттыруға, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені оңтайландыруға дәрігерлерге тиімді бағыттау арқылы медициналық көмекті күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бүгінде телемедицина денсаулық жағдайынбақылаудың тиімді құралына айналды. Ол пациенттердің ірі медициналық орталықтарға бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
"Қазіргі таңда еліміздегі телемедициналық желі 2491 медициналық пунктті, 784 фельдшерлік-акушерлік пунктті, 1165 дәрігерлік амбулаторияны және 844 мобильді бригаданы қамтиды.
2025 жылы 3,87 млн телемедициналық қызмет көрсетілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 19%-ға жоғары. Бүгінде пациенттерге медициналық қызметтің 118 түрі қашықтан қолжетімді", - делінген ДСМ хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрлігі атап өткендей, аталған бұйрықты қабылдау телемедицинаны дамыту және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыру жолындағы маңызды кезең саналады.
Оқи отырыңыз: Ана-мен баланы қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асып жатыр - Аида Балаева