Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, темекі жыл сайын әлемде 8 миллионнан аса адамның ажалына себеп болады
Алматыда созылмалы ауру көбейіп жатыр. Оған себеп – ауаның ластануы, шылым шегуге жоғары тәуелділік. Салауатты өмір салтын ұстанбай, тағдырына бей-жай қарайтын жастар саны жылдан-жылға артып барады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Әдетте шылымға тәуелділік бір сәттік қызығушылықтан басталады. Алматылық Дархан Арманұлының әуестігі – бұл деректің басты дәлелі. Ол студент кезінде жастықтың буымен темекінің дәмін татып көрген. Дегенмен, оның арты құмарлыққа ұласып, көк түтіннің тұтқынына айналыпты.
«Мен осы жерге, 15 жыл болды темекі тартам, соны емделуге келіп едім, жөтеліп жүрмін. Дәрігер жақсы болады деп жатыр», – деді қала тұрғыны Дархан Арманұлы.
Темекі түтінінің құрамында мыңдаған токсиндер мен канцерогендер бар. Олар – адам ағзасында жасушалардың қалыпты өсуін бұзып, қатерлі ісіктің жандануына себеп болатын факторлар. Оның үстіне өкпе мен тыныс алу жүйесіне едәуір зақым келтіреді. Соңғы уақытта өкпе обыры елімізде жиі кездесетін сырқаттардың біріне айналған көрінеді. Одан бөлек, шылым шегу инфаркт пен инсульт қаупін арттырады.
«Шылым шегетіндер саны соңғы уақытта көбейіп кетті. Әсіресе электронды темекілерге әуестенетіндерге тұсау болу мүмкін болмай барады. Әрине, мұндай тәуелділіктің арты қауіпті дертке ұласады. Тіпті шылымды аз тұтынатындар да өкпе обыры, бронхит, жүрек ауруларымен бетпе-бет келіп, күресіп жатады», – деді терапевт Нұрбек Серікұлы.
Соңғы ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, Қазақстан халқының 17 пайызы темекі тартады. Оның 34 проценті ерлер болса, 5 пайызы әйелдер қауымы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, темекі жыл сайын әлемде 8 миллионнан аса адамның ажалына себеп болады. Оның ішінде 1 миллионға жуығы пассивті шылым шегудің құрбанына айналған.
Айдана Шалқар, Амина Үсенова, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Ақтаулықтар бірнеше айдан бері газсыз отыр