Барлығы 4 мыңнан астам сотталушы бостандыққа шығады
Рақымшылыққа іліккен сотталушылардың алды бостандыққа шықты. Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес қоғамға тек азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтіндер жіберіледі. Ал ауыр қылмыс жасап, адам өліміне себепкер болғандар тізімге алынбайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Президент қол қойған құжатта адам өліміне себепкер болғандар мен жемқорлар, сондай-ақ әр жерге есірткі жасырып пайда таппақ болғандарға амнистия қарастырылмаған. Тек теріс қылық жасап, онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілігеді.
Бүгін Қостанай облысында ұрлық жасап түрмеге түскен азамат бостандыққа шықты. Жалпы, облыста қазір шамамен екі мың адам жазасын өтеп жатыр. Оның 300-іне кешірім жасалмақ.
Елордада жазасын өтеп жатқан Анастасия Нижник те бостандыққа шығады. Ол да ұрлық жасап, бір жылға қамалған екен. 3 ай жазасын өтеген ол, амнистияға іліккен.
«Маған жазаның қалған бөлігінен босатылуға мүмкіндік берілгені үшін алғыс айтамын. Бұл заң маған жаңа өмір бастауға, түзелуге және қоғамға оралуға жол ашты. Мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігімді толық сезіне отырып, Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға, түзелуге және лайықты өмір сүру үшін бар күш-жігерімді салуға уәде беремін», - деді рақымшылыққа іліккен Анастасия Нижник.
Астанадағы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің нөмірі үшінші мекемесінде жазасын өтеп жатқан 150 азамат рақымшылыққа ілігіпті. Олардың ішінде әлеуметтік жағынан осал 16 сотталушы, 50 жастан асқан 5 әйел, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар 10 келіншек пен екінші топтағы мүгедектігі бар бір азамат бар.
«Алпыс бір сотталушы бостандыққа шығады. Олардың ішінде 28-і онша ауыр емес қылмыс жасаған. 26-сы орташа ауыр қылмыс жасаса, 7-і – орташа ауыр қылмыс жасаған әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Ал 89 сотталушының жаза мерзімі қысқарады. Олардың ішінде 80-і ауыр қылмыс жасаған, 9-ы – ауыр қылмыс жасаған әлеуметтік осал топтағы тұлғалар», - деді Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты № 3 мекеме бастығының орынбасары Мақсат Баймолдинов.
Қазір ел бойынша 40 мыңнан астам адам түрмеде отыр екен. Рақымшылыққа бас-аяғы 15 мың адам ілігіп, оның ішінде 4 мыңнан астам сотталушы бостандыққа шығады. Шалыс басқандардың алғашқы легі бүгіннен бастап темір тордан босап шығып жатыр.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астанадан
Оқи отырыңыз: Президент Астанадағы АӨСШК штаб-пәтерінің ашылу рәсіміне қатысты