Теңіз өнімдерін тұтынған: Алматы облысында уланған азаматар дәрігерлер бақылауына алынды

17.06.2026 18:33

Қазір медициналық көмекке жүгінгендердің саны 65-ке жетті

Алматы облысының тұрғындары теңіз өнімдерін тұтынып, жаппай уланды. Қазір медициналық көмекке жүгінгендердің саны 65-ке жетіпті. Оқиға Іле ауданындағы Боралдай кентінде болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Алдын ала мәлімет бойынша, «Алатау» базары аумағында орналасқан дәмханадан суши, роллы сатып алған және тапсырыс берген тұрғындар бірінен соң бірі дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Қазір қоғамдық тамақтану орнына қатысты жан-жақты тексеріс басталды. Мекеме уақытша жабылды. Оқиға орнына санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, денсаулық сақтау саласының және жергілікті атқарушы орган өкілдері жөнелтілді.  Мамандар тағам өнімдерінен сынамалар алып, зертханалық сараптамаға жолдаған. Жаппай улануға нақты не себеп болғаны зерттеу нәтижелері шыққаннан кейін белгілі болады.

«Оқиға орнына мамандар жіберіліп, тексеру басталды. Қазір эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Тағам өнімдерінен сынамалар алынды. Сондай-ақ дәмхана қызметкерлері де зертханалық тексеруден өткізілуде. Оқиғаның нақты себебі мен түпкілікті қорытындысы барлық зерттеу аяқталып, зертханалық сараптама нәтижелері шыққаннан кейін белгілі болады. Қазір жағдай бақылауда. Сондықтан тұрғындарға тағамнан улану белгілері байқалған жағдайда немесе денсаулығы сыр берсе, дереу медициналық көмекке жүгінуді ұсынамыз», – деді Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Мүслім Сағадиев.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кеше түстен кейін Боралдай кентіндегі аудандық аурухананың қабылдау бөліміне тұрғындар тағамнан улану белгілерімен түсе бастаған. Бір тәулік ішінде медициналық көмекке 65 адам жүгінген. Оның 36-сы ауруханаға жатқызылды. Науқастардың 19-ы Қарасай көпсалалы орталық аудандық ауруханасына, 16 адам Іле аудандық орталық ауруханасына және бір науқас Алматы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Қалған 29 адамға амбулаториялық ем тағайындалып, үйіне жіберіліпті.

Мамандардың айтуынша, әсіресе жаз мезгілінде қоғамдық тамақтану орындарын таңдағанда санитарлық жағдай мен тағам өнімдерінің дұрыс сақталу талаптарына мән берген маңызды. Ал құсу, іш өту немесе дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалса, дереу медициналық көмекке жүгінген жөн.

«Медициналық көмекке жүгінген барлық азамат «Sushi Time» дәмханасында тамақтанған. Олар суши, пицца және басқа да тағамдарды тұтынған. Қазіргі уақытта бізге 65 адамкелді.. Оның 29-ы амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Денсаулық жағдайына байланысты оларға үй жағдайында емделу ұсынылды. Қалған 36 науқас облыстағы стационарларға жатқызылды. Қазір олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында», – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева

Оқи отырыңыз: Тұмаудың алдын алу үшін қандай жемістерді жиі тұтынған жөн