Олжас Бектенов өңір әкімдерінің жұмысын сынға алды
Мемлекет басшысы Үкіметке 2025 жылдың соңына дейін халықты ауыз сумен толық қамтамасыз ету туралы тапсырма берді. Соның нәтижесінде елдегі 90 қала мен 6 мың 87 ауыл тіршілік нәрімен 100 пайыз қамтылған. Мұндай ақпаратты Үкіметте Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Премьер Бектеновке есеп берген Су министрі Нұржан Нұржігітов жағымсыз жаңалықтың шетін шығарды. Айтуынша, биыл оңтүстіктегі шаруалар судан тапшылық көруі мүмкін. Өйткені, Сырдария арқылы келетін су былтырғыдан да аз болады. Нұржігітов оңтүстіктегі су қоймаларының толуы былтырмен салыстырғанда 1,9 миллиард текше метрге аз деп отыр. Көршілерде де жағдай мәз емес. Ондағы резервуарларда да тіршілік нәрі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,2 миллиард текше метрге төмен екен. Нұржан Нұржігітов «су тапшылығына әсер ететін тағы бір фактор – күз бен қыста жауын-шашын азайып, мұздықтардың аз еруі»дейді. Жер емген ағайынның жағдайына алаңдаған министрлік уақыт оздырмай іске кірісіпті.
«Министрлік тарапынан 2026 жылғы суару маусымына дайындық басталып, бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Суару каналдары мен гидротехникалық құрылыстарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Өңірлерде фермерлермен кездесулер өтіп, су үнемдеу қажеттілігі және ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу мәселелері түсіндірілуде», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Үкімет тіршілік нәрін үнемдеуді мықтап қолға алған. Министрлік су тұтынудың нақтыланған лимитін әзірлейді. Яғни, суды көп қажет ететін күріш, мақта сияқты дақылдардың көлемі қысқарады. Премьер-министр жауапты ведомстволарға бұл шаруаны өңір әкімдерімен бірлесіп атқаруды тапсырды.
«Болжамдарға сүйенсек, биылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы 1 миллиард текше метрге дейін жетуі мүмкін. Су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін, әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу аса маңызды мәселе болып табылады. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында су саласын цифрландыру жұмыстарын жандандыру қажет», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Отырыста өңір әкімдерінің де есебін тыңдаған Олжас Бектенов олардың жұмысын сынға алды. Айтуынша, алыстағы ағайыннан ауыз су сапасына, желілердің тозуына қатысты шағымдар жиі келеді. Былтыр 70 мыңға жуық арыз түскен. Үкімет басшысы аймақ басшылары жауаптылармен дұрыс жұмыс жүргізбейтінін айтып, оларға әр шағым бойынша тексеру жүргізіп, міндетін адал атқармаған ұйымдарға қатаң шара қолдануды міндеттеді.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов су саласын цифрландыру міндеттерін белгіледі