Оқиға осыдан бір жыл бұрын болған
Астанада тіс емдетуге барып көз жұмған 3 жастағы Зере Есентайдың ісіне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста сараптама қорытындысы жарияланып, бүлдіршіннің тіс емдеуге дейін пневмониямен ауырып жүргені белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ оның өкпе қызметі толық қалпына келмеген. Осындай жағдайда «Севоран» препаратының 4,5 сағат бойы қолданылуы баланың ағзасына ауыр салмақ түсіріп, жедел гипоксияға, жүрек соғысының тоқтауына және ми ісінуіне әкелуі ықтимал екені атап өтілді.
Еске салайық, оқиға осыдан бір жыл бұрын болған.
«Біз тіс емдетпей тұрып жеті ай бұрын ауруханада жатқанбыз. Бұл – аз уақыт емес. Егер арада екі-үш апта өтсе, әрине, біз ата-ана ретінде мұндай анестезияға жүгінбес те едік. Бұл жерде жарты жылдан көп уақыт өтті. Дәрігерлер бізге ауыр зардаптары болуы мүмкін екенін ескертуі тиіс еді. Сосын Зерені тіс емдеуге жатқызар алдында процедура 3–4 сағатқа созылуы мүмкін екенін айтты. Сол кезде мен бұл тым ұзақ емес пе деп сұрадым. Мүмкін, емді 3 кезеңге бөліп істеген дұрыс болар деп те ойымды жеткіздім», – деді қайтыс болған қыздың әкесі Талғат Құмаров.
Сонымен қатар сот барысында тараптар емдеу кезінде түсірілген бейнежазбаларды да мұқият талдап шықты. Жәбірленуші тарап адвокатының айтуынша, анестезиолог Зере Есентайдың жағдайын бақылауға арналған мониторға жеткілікті назар аудармаған. Тіпті дәрігердің хаттамаға сай орындалуы тиіс бірқатар әрекеттерін уақытында жасамағаны байқалған.
Айта кетейік, аталған іске байланысты келесі сот отырысы 27 қарашаға белгіленген.
«Біздің ойымызша, аппарат барлық көрсеткіштерді анық көрсеткен, бірақ анестезиолог оларды көрмей, кейін құрылғыдан деректерді түсіріп, протоколға енгізген. Дәрігер «үнемі бақылап отырдым» дейді, ал біздің оған күмәніміз бар. Істің түйіні дәл осы майда-шүйде детальдарда жатыр», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Руслан Айтжанов.
Оқи отырыңыз: Неге кезекке тұрдық: Алматы облысында мемлекеттен берілген баспанаға қатысты дау шықты