Білім ордасында спорт залынан бөлек, бірнеше дәліз бен кабинеттің төбесі бүлінген
Құлсарыдағы жаңа мектептің төбесі жоғарыға жиналған құрылыс материалдарының кесірінен опырылған. Бұл туралы әкімдік өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан білім ордасындағы бұл жағдай бейнекамераға жазылып қалған. Құрылыс материалдарының дұрыс сақталмауынан мектептің спорт залынан бөлек, залға жақын орналасқан дәліздер мен бірнеше кабинеттің төбесі бүлінген. 1200 оқушыға шақталған мектеп әлі пайдалануға берілмеген. Қазір арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүріп жатыр.
«Облыстық әкімшілік тарапынан бақылаушы органдармен бірге комиссия құрылды. Нысанның басында төтенше жағдай орын алған жоқ. Аталған келеңсіздік облыстық әкімдік бақылауында. Жалпы құрылыс монтаждау жұмыстары бүгінгі күні 45 пайызға орындалып отыр. Өзінің жоспарланған уақытында мектеп пайдалануға тапсырылады», – деді Атырау облыстық Құрылыс басқармасының бөлім басшысы Күлән Құлбаева.
Оқи отырыңыз: Өркениеттен жұрдаймыз: Түркістан облысында ауыл тұрғындары майшаммен күнелтіп отыр