Қазақстанның технологиялық дамуы мен жасанды интеллектіні енгізуі сенімді энергия көздеріне тікелей байланысты. Елде суперкомпьютерлер, дата-орталықтар мен автоматтандырылған өндіріс кешендерін қолдайтын қуат инфрақұрылымын қалыптастыру – жаңа экономиканың басты талабы, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенімді энергия көзі болмаса, Қазақстан экономиканың жаңа технологиялық үлгісіне көше алмайтынын түсінуіміз керек. Суперкомпьютерлерге, дата-орталықтар мен автоматтандырылған өндіріс кешендеріне өте көп энергия қажет. Бұл – жаңа жаһандық технологиялық құрылыстың басты талабы.
Қуат көздерін салу үшін білікті мамандар керек. Капитал қоры шамамен 4,5 триллион доллар болатын әлемдегі ең ірі компания – NVIDIA-ның басшысы жақында «көк жағалылар», яғни техникалық мамандық иелері мультимиллионерлер қатарына қосылады деп болжам жасады.
Бірнеше атом станциясын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі, уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі. Біз атом станцияларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн.
Тағы бір өте маңызды тақырып – жер қойнауында сирек кездесетін металдар. Болашақта ондай материалдарға деген сұраныс арта береді, алдағы бес жылдың өзінде бұл сұраныс екі есе өседі. Осы ретте, Қазақстан үшін тағы бір мүмкіндік ашылады. Еліміз жер қойнауында сирек кездесетін минералдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы әбден мүмкін. Қазақстан стратегиялық маңызы бар осы саладағы өз рөлін күшейту үшін АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония елдерімен және Еуропа Одағының бірқатар мемлекетімен ынтымақтастығын дамыта бастады.
Қазақстандағы сенімді энергия көздері мен атом станцияларының құрылысы, сондай-ақ сирек кездесетін металдарға инвестициялар жаңа технологиялық экономиканы дамытуға, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және елдің стратегиялық рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Елдің инновациялық инфрақұрылымы мен білікті мамандардың болуы Қазақстанды ақпараттық және индустриялық көшбасшылар қатарында ұстауға жол ашады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты - Қасым-Жомарт Тоқаев