Тоқаев: Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деп үміттенемін

30.06.2026 13:30
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Құрылтайдың технологиялық прогрестің жетекші факторы боларына үміт білдірді. Депутаттар заң шығару қызметінде цифрлық технологиялар мен Үлкен деректерді кеңінен қолдануы тиіс екенін мәлімдеді,  деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

Былтыр қазан айында өткен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында Президент толыққанды e-Parliament жүйесін енгізу мәселесін көтерді.

"Қазақстан e-Government, яғни Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Енді Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында.

Жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек.

"Маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылаған жөн. Цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік береді", — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет.

"Бұл — азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз", — деп түйіндеді Президент.

Оқи отырыңыз: Ертең Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту басталады - Мемлекет басшысы