Тоқаев: Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды

11.09.2026 13:15

Президент ұлт саулығын нығайту және адам капиталын күшейту мемлекеттің конституциялық міндеті саналатынын мәлімдеп, осы бағытта қолға алынған іргелі істерді атады

Ақорда

 Президент ұлт саулығын нығайту және адам капиталын күшейту мемлекеттің конституциялық міндеті саналатынын мәлімдеп, осы бағытта қолға алынған іргелі істерді атады, деп хабарлайды Almaty.tv

"Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды, бірқатары жөндеуден өткізілді. Былтыр менің тапсырмаммен «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа заң отандық спорттың дамуына күшті серпін бермек, соның ішінде ұлттық спорттың өркендеуіне ерекше ықпал етеді. Балаларымыз спортпен немесе дене шынықтырумен міндетті түрде айналысуы керек. Бұл – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Осы мақсаттың жалпыұлттық мән-мағынасы айрықша. Өйткені дене-бітімі әлсіз, рухы қауқарсыз халқы бар ел ешқашан озық, дамыған мемлекет бола алмайды. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Сондықтан спорт мектептерінде оқитын әр балаға бөлінетін қаражат көлемі екі есеге жуық артты, яғни 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге ұлғайды. Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмесіне мемлекет есебінен ақысыз барды. Осы мақсатқа 50 миллиард теңге бөлінді. Дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың саны 8 миллионнан асты. Бұл – халқымыздың жартысына жуығы деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, бізді салауатты ұлт деп атауға болады. Бірақ босаңсуға болмайды", – деді Президент.

Оқи отырыңыз: Көшпенділер ойындарының нәтижесі әділ болды - Мемлекет басшысы

Толық көрсету