Тоқаев: Сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді

05.01.2026 12:07
Depositphotos

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы ең басым бағыттардың бірі. Мемлекет бұл мәселеге айрықша мән береді, ал тиісті мемлекеттік органдар өз міндеттерін жүйелі және ашық түрде атқаруға тиіс, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болудан қалды деген сыңайда пікірлерден хабарым бар. Оның бәрін дұрыс түсінбеушілік немесе кейбір «арам ойлы» адамдардың бос әңгімесі деп санаймын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дербес мемлекеттік орган ретінде өзіне жүктелген міндетті табысты орындады. Оған кінә арта алмаймыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де жемқорлықпен күреседі. Екі мекеменің бір міндетті қабаттаса атқаруы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа кесірін тигізе бастады.

Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Бұған қатысты ешқандай күмән тумауға тиіс.   

Қабылданған шешім қатардағы жемқорларды ғана емес, қылмыстық әрекеттің идеологтары мен ұйымдастырушыларын да жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру және ағарту жұмыстарына әдеттегідей айрықша назар аударылады. Қазір бұл – мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзырындағы міндет. Жалпы, жемқорлықтан аулақ болу қажеттігін балалардың құлағына жастайынан құя берген жөн. Бұл жерде мектептер, қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар, әсіресе, ата-аналар шешуші рөл атқаруға тиіс. Сол кезде елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа мүлдем төзбеу мәдениеті қалыптасады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті санмен әуестенбей, сапаға мән беріп, жемқорлыққа қарсы нақты жұмыс жүргізеді. Сонда мемлекеттік қызметшілер құқық қорғау қызметкерлеріне жалтақтамай, батыл шешім қабылдайтын болады.

Жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру – тек заң аясында ғана емес, қоғам мен отбасының, мектеп пен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысына негізделеді. Балалардан бастап азаматтық жауапкершілік пен әділеттілік идеясын сіңіру арқылы елімізде жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті қалыптасады. Бұл – Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығының басты кепілі.

Оқи отырыңыз: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты - Қасым-Жомарт Тоқаев