Президент жанынан стратегиялық даму жөніндегі сараптама тобы құрылды
Оның негізгі міндеттері мен жұмыс тәртібі белгілі болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобы туралы» өкімге қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Сараптама тобы – Қазақстанның ұзақмерзімді даму бағыттары мен басымдықтарын айқындау үшін сараптамалық тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеу мақсатында Президент жанынан құрылған консультативтік-кеңесші орган.
Топтың негізгі міндеттері:
- Қазақстанның стратегиялық дамуына қатысты тұжырымдамалық тәсілдерді айқындау және сараптамалық тұрғыдан пысықтау;
- талдамалық, әлеуметтік және форсайт зерттеулерінің нәтижелерін талқылау.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сараптама тобының жұмыс органы болып белгіленді.
Топтың отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде бір рет өткізіледі. Оларға мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері, сондай-ақ топ құрамына кірмейтін өзге де тұлғалар қатыса алады.