Елдімекенде 100-ге жуық үй орналасқан, оның 11-і тау беткейіне жапсарлас тұрғызылған
Алматы облысының Бесағаш ауылында топырақ көшкіні салдарынан бірнеше отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Мұндағы жұрт жыл сайын қайталанатын жағдайдан әбден мезі болған. Қар түсіп, жаңбыр жауса болды, жанын шүберекке түйіп отыратын тұрғындар жергілікті биліктің дәрменсіздігіне налиды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бесағаш ауылындағы Бурабай ықшамауданының жұрты жылда қар ери бастағанда әбігерге түседі. Өйткені жардағы топырақ жабындысы төменде орналасқан үй-жайларды басып қалады. Биыл да жар опырылып, баспаналардың ауласына жайылған. Бірнеше жыл бұрын жауаптылар көшкінге қарсы тірек қабырғасын орнатқанымен, онда жарықтар пайда болған. Сәйкесінше, қоршау төбеден төнген қауіптен сақтап қала алмайтын көрінеді.
«Дұрыс жасалмайды. Жоғары жақтағы тұрғындардың кәріз суы ағып жатыр, оған ешқандай кедергі болған жоқ. Құры тегістейді де кетеді. 2017 жылдан бері үреймен өмір сүріп жүрміз. Үйімізді сата алмаймыз», – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Ерсайын Сауранбаев.
Елдімекенде 100-ге жуық үй орналасқан, оның 11-і тау беткейіне жапсарлас тұрғызылған. Жұртшылықтың сөзінше, кезінде олар бұл жерлерді заңды жолмен рәсімдеген. Ал кейбіріне учаскелерді сатқанда алғашында басқа жер телімі көрсетіліп, кейіннен жарға жақын орналасқан аумақ берілген көрінеді.
«Тауды кесіп, пайда болған жерлерді сатып жіберді. Маған басқа бір жер көрсетілді, оны сатып алдым. Кейін жер өлшеуші келгенде, жер телімінің тура тау астында екені анықталды. Ақша жұмсалып қойған соң, амалсыз үй салдық. Көршім де де осындай жағдайға тап болды», – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Сергей Ермолаев.¤
Сырғыған топырақтың көлемі шамамен 500 текше метр. Үйлердің бірінде бастырма зақымданып, жеңіл автокөлікке де зиян келді. Тұрғындардың айтуынша, егер опырылу сәтінде аулада адамдар болғанда, адам шығыны болуы мүмкін еді. Қазір бірнеше отбасы эвакуацияланды.
Жергілікті жұрт «бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқан бұл жағдайға қатысты әкімдік тарапынан түбегейлі шара қабылданбай келеді» дейді. Мәселені қозғаған журналистерге былтыр мән-жайды анықтап, шешімін табуға уәде еткен жауаптылар биыл да тексеріс жүргіземіз деумен шектелді.
«Неше жылдан бері тұрғызылғанын білеміз. Тағы да тексеру жұмыстары жүргізілетін болады. Ешқандай сұрақтарыңызға жауап бере алмаймын. Айып етпесеңіздер», – деді Талғар ауданы ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бауыржан Қашқынбаев.
Жергілікті халық бетонды қоршаудың үстіңгі бөлігінде жасалған «қалташалар», яғни кесілген аумақ қар мен суды ұстап қалып, керісінше беткейге түсетін қысымды арттырғанын айтып отыр. Сондықтан жақын орналасқан үйлерге қауіп еселей түседі. Төтеншеліктердің мәліметінше, ауа райының тұрақсыздығы мен топырақтың шамадан тыс ылғалдануы – тас-құмның құлауына себеп.
«7–8 ақпан аралығында жауын-шашынның қар түрінде түсуімен қатар жүрген тұрақсыз ауа райы салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, тау беткейінен грунт массасының сырғуына себеп болды. Оқиға нәтижесінде жеке тұрғын үй аумағындағы жеңіл автокөлік зақымданды. Тұрғын үйлер мен олардың көтергіш құрылымдарына зақым келтірілген жоқ. Зардап шеккендер жо», – деді Талғар ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Еркебұлан Тергеусізов.
Талғар ауданы әкімдігінен мардымды түсініктеме алу оңайға соқпады. Әуелі ресми хат жолдаймыз деп уақыт созған жауаптылар, кейін жауапкершілікті тұрғындардың өзіне ысыра салды. Билік өкілдерінің сөзіне сенсек, халық үйді сәулет-құрылыс талаптарына сай тұрғызып, қауіпсіздікті өздері қамтамасыз етуі тиіс екен.
Былтыр көктемде тау беткейінен сырғыған топырақ Баянауыл көшесіндегі бір үйді қора-қопсысымен бірге сыпырып әкеткен. Ендігіде тұрғындар жергілікті биліктен нақты әрі шұғыл шешім қабылдауды талап етеді.
Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, Алматы облысы
Оқи отырығыз: Мектеп оқушыларының тегін тамағына бөлінген қаржыны қайта қарастыруды ұсындық - депутат