Төрт күнде бір келеді: Сарыағаштың тұрғындары ауыз суға зәру

22.05.2025 19:22

Қаладағы 70 мың халықтың 30 пайызы тіршілік нәрін кестемен алып ішіп отыр

Түркістан облысына қарасты Сарыағаш қаласының тұрғындары ауыз судан таршылық көріп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауыз судың азабын халқы тығыз орналасқан Көктөбе мен Телемұнара ықшамауданының тұрғындары тартып келеді. Бұл жерді тіршілік нәрімен қамту үшін бес жыл бұрын ұңғыма қазылған. Алайда одан шыққан су жұртқа жетпей жатыр. Жаз шықса болды, қысым азайып, биікте орналасқан үйлерге тіршілік нәрі келмей қалады екен. 

«20 жылда ағып тұрған су көрген жоқпыз. Міне 12 күн болды, бір тамшы су аққан жоқ. Қашанғы суды сатып аламыз. Қиналып кеттік, 2 күнде бір сатып аламыз, қалтаға салмақ түсіреді», – деді Сарыағаш қаласының тұрғыны Гүлжан Дәуренбаева.

Қазір төрт күнде бір берілетін ауыз су әр екі сағатта тоқтап қалатын болған. Тұрғындардың айтуынша, бағасы удай қымбат.  Мәселен, бұрын текше метрі 35 теңге тұратын су қазір 105 теңгеге жеткен.

«4 күнде бір келетін суға 8-12 мың теңге, ең аз дегенде 6-7 мың теңге төлейміз.  Оның арасында тіршілік нәрін су таситын көліктен аламыз. Суға 30-40 мың теңге кетіп қалады», – деді Сарыағаш қаласының тұрғыны Жұмағали Ахметов.

Жауаптылар ұңғыма тек 800 тұтынушыны қамтамасыз ете алады деп отыр. Ал мұндағы тұрғындардың саны бұл мөлшерден едәуір көп. Жазға қарай жерасты суының азайып кететіні тағы бар. Сондықтан Өзбекстаннан келетін каналдан тіршілік нәрін тарту мәселесі қаралып жатыр.

 «Р-1 каналының қазір құрылысы жүріп жатыр. 60-70 пайыз жұмыс атқарылды. Біткеннен кейін қосымша су қосылады. Сарыағаш қаласындағы ықшамаудандарда мәселенің барлығы шешіледі», – деді Сарыағаш аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Серік Қарақұлов.

Сала мамандары мәселе жыл соңына дейін шешілетінін айтты. Ауыз су мәселесі Сарыағаш қаласында өзекті. Қазір онда тұратын 70 мың халықтың 30 пайызы тіршілік нәрін кестемен алып ішіп отыр.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Алимент жыры: Шымкентте жауапкершіліктен қашқан әке сотталды