Төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керек: алматылықтар тегін курс оқып жатыр

Олар арнайы тест тапсырып, Төтенше жағдайлар департаментінің ресми сертификатына ие болады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Төтенше жағдайлар департаменті халықты азаматтық қорғаныс саласы бойынша дайындауға арналған кезекті оқыту дәрістерін өткізді. Оқу курсы барысында тұрғындарға жер сілкінісі, өрт және өзге де төтенше жағдайлар кезіндегі дұрыс іс-әрекет алгоритмі түсіндірілді, деп хабарлайды Almaty.tv

Мамандар сейсмоқауіпсіздік ережелеріне, ғимараттардағы қауіпсіз орындарға және эвакуациялау жолдарына ерекше тоқталды.

«Аталған орталықта тұрғындарды 20 бағыт бойынша оқытамыз. Оқыту жұмыс күндері жүргізіліп, соңында арнайы сертификат табысталады. Олар бұл білімін өз жұмыс орындарында кәдеге жарата алады. Атап өтерлігі, оқыту курстары толығымен тегін жүргізіледі», – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Әнуар Юсупов.

Сабақтың практикалық бөлігінде қатысушылар алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету дағдыларын іс жүзінде шыңдады. Олар арнайы робот-манекендерде жүрек-өкпе реанимациясын жасауды, қан кетуді тоқтатуды және «дабыл сөмкесін» дұрыс жинақтауды меңгерді. Курс соңында тыңдаушылар арнайы тест тапсырып, Төтенше жағдайлар департаментінің ресми сертификатына ие болады.

Мамандардың сөзінше, мұндай оқытулар төтенше сәтте үрейге бой алдырмай, аман қалу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Қызылордадағы мұнай өңдеу зауытынан өрт шықты