Шымкентте күйеуінің өліміне күдікті әйел қамауға алынды

Көршілерінің айтуынша, олардың артында екі қызы қалды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте отбасылық жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. Ер адам пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Күдікті ретінде оның әйелі уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қанды оқиға «Самал-3» шағынауданында болған. Ерлі-зайыптылар осы аудандағы пәтерлердің бірін жалдап тұрған. Алдын ала мәлімет бойынша, сол күні екеуінің арасында жанжал туып, жағдай ушыққан. Салдарынан ер адам пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған.

Көршілерінің сөзінше, олар бұған дейін ерлі-зайыптылардың қатты жанжалдасқанын байқамаған.

– Негізі біз ол үйден алыс тұрамыз. Полицейлер мен жедел жәрдем келген кезде әйелі күйеуінің жүрек тұсына пышақ сұғып алыпты деп естідім. Біз олармен араласпаймыз. Бірақ екі қызын балабақшаға апарып, алып келіп жатқанда көріп қалатынбыз, – дейді көршісі.

Қазір күдікті әйел қамауға алынған. Полиция оқиғаның нақты қалай болғанын және жанжалдың неден басталғанын анықтап жатыр. Іске қатысты барлық мән-жай сотқа дейінгі тергеу барысында белгілі болады.

– Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, отбасылық-тұрмыстық жанжал туындап, нәтижесінде ер адам пышақ жарақатын алған. Салдарынан азамат оқиға орнында көз жұмды. Аталған жайт бойынша келіншек уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ерлі-зайыптылар тұрған пәтер қазір бос тұр. Көршілерінің айтуынша, олардың артында екі қызы қалды.

Лаура Бабас, Almaty TV, Шымкенттен.