Қостанайда жаңа мектептің кірпіші үгітіле бастады: ата-аналар дабыл қақты

Ақаулар анықталғаннан кейін нысанға комиссиялық тексеру жүргізілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанайда биыл ғана пайдалануға берілген мектептің қасбетінде ақаулар пайда болған. Терезе маңындағы кірпіштер үгіліп, кей жерлері бүлінген. Бұл жағдайды ата-аналар байқап, балаларының қауіпсіздігіне алаңдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа мектептің құрылысы бастапқыда 10 айдың ішінде аяқталады деп жоспарланған. Алайда құрылыс жұмыстары созылып, нысан үш жылдан кейін ғана пайдалануға берілген.

Ата-аналардың айтуынша, мектептің терезе маңындағы кірпіштердің үгіліп жатқанын балалармен бірге ғимаратты аралау кезінде байқаған.

«Балам екеуміз мектепке келгенде, ол мектепте неше қабат бар екенін санайықшы деді. Санап жатып, терезелердің жоғарғы жағындағы кірпіштердің үгіліп, түсіп жатқанын байқадық. Оның қаншалықты қауіпсіз екенін тексеріп, бағалау үшін мамандарға хабарластық», – дейді ата-ана Татьяна Деревянко.

Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, анықталған ақаулар оқушылар мен мұғалімдерге қауіп төндірмейді. Кемшіліктер мердігер компанияның кепілдік міндеттемелері аясында жойылып жатыр.

Қостанай облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы нысанда комиссиялық тексеру жүргізілгенін хабарлады. Анықталған кемшіліктер тіркеліп, оларды жою үшін қосымша қаптама жасау туралы шешім қабылданған.

«Ақаулар анықталғаннан кейін нысанға комиссиялық тексеру жүргізіп, кемшіліктерді тіркедік. Оның аясында қосымша қаптама жасау туралы шешім қабылданды. Мердігер ақауларды жоюға кірісті», – деді Қостанай облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Қанапин.

Ғимараттың ішінен де бірқатар кемшілік анықталған. Қабырғаларда сызаттар бар. Бұл ақаулар да кезең-кезеңімен түзетілмек.

Қазір мектепте балалар бір ауысымда оқиды. Құрылыс жұмыстары сабақ аяқталғаннан кейін жүргізіліп жатыр.

«Қазір мұнда балалар бір ауысымда оқиды. Сағат бір жарымға дейін оқушылар мектепте болады. Ал сағат екіден кейін құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Ақауларды мердігерлер осы уақытта, яғни сабаққа кедергі келтірмей жойып жатыр», – деді Қостанай облыстық білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаров