Дәрігерлер шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдады
Шымкентте дәрігерлер абайсызда 16 магнит жұтып қойған үш жасар баланың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бала ішінің қатты ауырсынуына байланысты жедел түрде қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілген. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Ата-анасының айтуынша, бала ойын кезінде бірнеше магнитті жұтып қойған. Рентгендік тексеру барысында іш қуысында бөгде заттардың бар екені анықталды.
Дәрігерлер шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдады. Видеоэзофагогастроскопия әдісі арқылы баланың асқазанынан диаметрі шамамен 0,5 сантиметр болатын барлық 16 магнит алынды.
Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда баланың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ. Дәрігерлер дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің ауыр асқынулардың алдын алғанын атап өтті.