Прокурор дабыл қақты: Қазақстанда жол апаты 90 пайызға көбейді

Биыл 19 мың жағдай тіркеліп, 1700-ден аса адамның өмірін қара жол қиған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көліктен келетін кесапат азаймай тұр. Қазақстанда жол апаты 90 пайызға көбейді. Қара жолда өмірі үзілгендердің де саны артты. Жыл аяқталмай жатып шыққан мұндай жантүршігерлік статистиканы еліміздің бас прокуроры Берік Асылов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бас прокурордың тапсырма беріп, дабыл қағуы бекер емес. Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 90 пайызға артқан. Көрсеткіш көңіл көншітпейді, 19 мың жағдай тіркелген. 1700-ден аса  адамның өмірін қара жол қиған. Тағы 25 000 жолаушы түрлі дене жарақатын алған

"Жол-көлік оқиғасында адам шығынының 60  пайызы қала сыртында болған. Себебі жылдамдықты асыра пайдаланып, қарсы бағытқа шығу сияқты ережелер жиі бұзылады", – деді ҚР ІІМ ресми өкілі Ақтоты Боранова.

Жол – көлік апаты жиі болатын өңірлер көшін Алматы мен Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан облыстары бастайды. Алғашқы екі өңірде сәтсіз сапар екі күннің бірінде тіркеліп отырады. Министрлік өкілі мұны транзиттік аймақ болған соң қозғалыстың көптігімен түсіндірді. Қатерге апаратын қателіктің негізгі себебі жылдамдықты шамадан тыс асырып, ережені ескермегеннен екен.

Елдімекендерде де апат азаймай тұр. Ауыл, аудан, облыстық маңызы бар жолдардағы апат та көбейген. Өткен жылы қаңтар-қараша айларында тіркелген жол-көлік оқиғасы 11 мыңнан асқан. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында ең жоғарғы көрсеткішке жетіп отыр. Апаттың бір себебін жүргізушілер жол сапасымен байланыстырады.

"Жылда республикалық маңызы бар жолды жөндейді. Қалған маңызсыз жолдар шұрық-тесік, неге жөнделмейді?" – деді жүргізуші

"Жолдың сапасы өте нашар. Шынымды айтайын күнде жүремін. Стандартқа сәйкес келмейді. Жол жөндеу бизнеске айналды. Көкшетауға баратын трассадағы көліктерге обал", – деді жүргізуші.

Темірден бұрын тірі жанның амандығы алаңдатады. Өкініштісі, елімізде жылына 2 мың адамның ғұмыры жол үстінде қиылады. Апаттан опат болмас үшін қарапайым ережені ескерген жөн-ақ. Қара жол қателікті кешірмейтіні белгілі. Күні кеше бас прокурор да осыны айтып дабыл қақты. Берік Асылов ең алдымен неғұрлым апаттық-қауіпті учаскелерді назарға алу керек екенін тапсырды.

Оқи отырыңыз: Безбүйрек ана: 2 жастағы баласын өлтірген әйел қамауға алынды

Новости партнеров