Туыстары науқасты Астанаға ауыстыруды талап етіп отыр
«Жұмысқа барып, ауруханадан бір-ақ шықты». Қарағанды облысындағы кокс-химия цехында пешті іске қосу кезінде жарылыс болып, 24 жастағы Нұрсұлтан Асанқұл ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға 18 мамырда болған. Туыстарының айтуынша, Нұрсұлтанның істеген жұмысы оның қызметтік міндетіне кірмеген. Алайда сол күні Нұрсұлтанмен қатар тағы бірнеше жұмысшыны басшылық пешті іске қосуға шақырған. Анасы баласының ауруханаға түскенін әріптестерінің туыстарынан ғана, оның өзі екі күн өткеннен кейін естіген.
«Басшылардың жауапқа тартылуын қалаймын. Оқыс оқиға болған күні қасында 2 бала болған. Ол балалар аман-есен, бірақ соларға кәні артып жатқан көрінеді. Баламның денсаулығы нашарлап кете ме деп қорқамын. Жезқазғаннан алып кетіп, баламның денсаулығына күтім жасағым келеді», – деді Н. Асанқұлдың анасы Ақмарал Садықова.
Жарылыстан кейін әріптестері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Қазір Нұрсұлтан Жезқазғандағы Ұлытау облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның аяғы сынғанын, ауыр күйік алып, басында жарақат барын анықтаған. Хирургиялық ота да жасалыпты. Десе де жігіттің жақындары «дәрігерлер зақымданған аяқты сақтап қалуға кепілдік бермей отыр» деп налиды. Ал мамандардың айтуынша, науқастың гемоглобин деңгейі өте төмен болғандықтан, көшіруге болмайды.
«Асанқұл Нұрсұлтан Нұрланұлы Ұлытау облыстық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр. Туыстарының талабымен науқасты Қарағанды қаласындағы Макажанов атындағы клиникаға ауыстыру мүмкіндігі қарастырылуда. Айта кету керек, оған медициналық көмектің көрсетілуі жеке күйіктің бар-жоғына байланысты емес. Науқасқа барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», – деді Ұлытау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөзі.
Жақындары Нұрсұлтанды Астана не шетелдегі мамандандырылған клиникаға шұғыл көшіруді талап етеді. Олар Жезқазғанда күйік бөлімі болмағандықтан, қажетті ем толық көрсетілмей қала ма деп алаңдайды.
«Бөлімдегі травматолог дәрігерлер баланың жағдайы қалыпты, екі сағаттық вертолетке Астанаға жеткізуге болады деп тұр. Ал Астанадағы Батфенов атындағы аурухана баланы қабылдамай жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі көмектесіп, баланы авиавертолетпен шұғыл жеткізіп, толық аяғына емдеп беруін сұраймыз. Шұбаркөл компаниясының тезірек көмектесуін сұраймыз», – деді Н. Асанқұлдың ағасы Бекзат Асанқұл.
№ 9 кокстық пешті қосу кезінде ауа таратқыш коллекторда қысқа дыбысты жарылыс тіркелгенін зауыт та растайды. Нұрсұлтан сол сәтте оқиға ошағында болған. Ал алғашқы көмекті цех дәрігері көрсетіп, жігітті ауруханаға жеткізіпті. Кәсіпорын қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрды.
«Вахталық поселкедегі медициналық пункттің дәрігері алғашқы медициналық көмекті көрсетті, содан кейін зардап шеккен қызметкер Жезқазған қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккен қызметкерді әуе көлігімен тасымалдау мәселесі бойынша Батпанов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығымен медициналық консультация жүргізілді. Қорытындысын күтіп отырмыз», – деді «Шұбаркөл көмір» АҚ корпоративтік коммуникациялар қызметінің маманы Гүлфаризат Оразбай.
Айта кетейік, компания зардап шеккен жұмысшыға қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ресми өкіл оқиға бойынша барлық мемлекеттік орган хабардар екенін жеткізді.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Төрт күнде бір келеді: Сарыағаштың тұрғындары ауыз суға зәру