Цифрлық құжат айналымында әділдік бар ма: кәпсіпкерлер дабыл қақты

19.09.2025 20:56

Бұған дейін электронды құжат айналымы заңмен нақты реттелмегендіктен, кей компаниялар құжат алмасуды өз бетінше шектеп келген

Цифрлық құжат айналымы монополия ма, әлде ашық бәсекелестік алаңы ма? Елде осы тақырыпта дау туғалы біраз болды. Мыңдаған хаттар мен келісімшарттарды өңдеп отырған компанияға қарсы бәсекелестері шағым түсіріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Цифрлық құжат айналымы төңірегінде дау алдымен бұғаттаудан басталған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің тексерісі Documentolog компаниясының соңғы үш жыл бойы басқа жүйелермен құжат алмасуды әдейі шектеп, ұйымдарды тек өзінің ақылы шлюзі арқылы жұмыс істеуге мәжбүрлегенін анықтаған. Яғни келісімшарт, акт немесе шот-фактура жібергісі келген кез келген компания міндетті түрде осы жүйені пайдалануға тиіс болған. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдай нарықтағы әділ бәсекені тежеп, бюджетке қосымша шығын әкеледі. Ал кәсіпкерлер егер мәселе шешілмесе «жұмысымыз тоқтап, компаниялар жабылып қалуы мүмкін» деп алаңдаулы.

«Бүгінде нарықтағы монополияға қатысты бірнеше мысал бар. Солардың ең белгілісінен бастайын, ол – құжат алмасуды бұғаттау ісі. «Documentolog» үш жыл бойы мемлекеттік тегін шлюзді жауып тастап, құжат алмасуды тек өз жүйесі арқылы жүргізуге мәжбүрледі. Егер ұйым басқа жүйеге ауысса, бұрынғы хат-хабар жоғалып қалатын. Сондықтан клиенттер амалсыздан осы компанияда қалуға мәжбүр болды», – деді Metadoc компаниясының директоры Дулат Сабырбаев.

«Олар басқа компаниялар өз жүйесі үшін ақша төлесін» дейді. Бірақ мемлекет бұған дейін-ақ «ЕСЭДО» деген бірыңғай жүйе жасап, оған миллиардтаған қаржы жұмсаған. Сол арқылы мемлекеттік органдар бір-бірімен электронды хат алмасуы керек болатын. Біз мұндайға қарсымыз. Өйткені мемлекеттік органдардың да, қарапайым халықтың да таңдау мүмкіндігі болғаны дұрыс», – деді Idocument компаниясының директоры Бахтияр Амандосов.

Жиында Documentolog компаниясының лицензияны мемлекетке өткізу мәселесі де талқыланды. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл қадам – «сыйға тарту» ретінде көрсетілгенімен, шын мәнінде монополияны заңдастыру. Себебі жүйенің бастапқы кодтары мекеменің өзінде қалған. Демек, жүйені ары қарай дамыту мен қолдау қызметін мемлекет тек сол компаниядан ғана сатып алуға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде тағы да бәсекелестікті шектеп, нарықтағы тәуелділікті күшейтпек.

«Бұл жағдайдан шығатын қорытынды кез келген дамыту, техникалық қолдау немесе өзгеріс енгізу жұмыстары тек бір ғана компаниядан сатып алынады. Оның бағасы да арзан болмайды. Бұл – жүйені ашық әрі әділ конкурс арқылы емес, айналып өтіп алудың бір тәсілі», – деді Metadoc компаниясының директоры Дулат Сабырбаев.

Компания өкілдері өз жүйелерін мемлекетке тегін беруге дайын екенін айтты. Сонымен бірге үш жыл бойы техникалық қолдауды ақысыз көрсетуді ұсынуда. Бұл бюджеттің 3-4 миллиард теңгесін үнемдеуі мүмкін. Жаңа жүйе қазірдің өзінде ресми тексерулерден өткен. Дегенмен, ұсыныстың қабылданбай қалу қаупі бар екенін жасырмады.

Айта кетейік, бұған дейін электронды құжат айналымы заңмен нақты реттелмегендіктен, кей компаниялар құжат алмасуды өз бетінше шектеп келген. Бұл бизнеске де, мемлекеттік органдарға да қиындық туғызды. Осы мәселені шешу үшін заңға өзгерістер енгізіліп, құжаттардың жеткізілуін техникалық жолмен бұғаттауға ресми түрде тыйым салынды. Жаңа талаптар 2025 жылдың 7 қаңтарынан бастап күшіне енген.

Оқи отырыңыз: Жол төсемінің шөгуі мен жиектастың негізсіз ауыстырылуы: Дархан Сатыбалды екі аудан әкіміне сөгіс жариялады