Түнде жауған қардан кейін Алматыда 17 жол-көлік оқиғасы тіркелді

05.11.2025 09:10

Полицияның мәліметінше, жол апаттарының басым бөлігі қашықтықты сақтамау, жылдамдықты дұрыс таңдамау және жол қозғалысына қатысушылардың зейінсіздігі салдарынан болған

Алматы қаласының Полиция департаменті баспасөз қызметі

Алматы қаласында сағат 18:00-ден таңғы 06:00-ге дейін 17 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Абырой болғанда, қаза болғандар жоқ, 6 адам жарақат алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласының Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, жол апаттарының басым бөлігі қашықтықты сақтамау, жылдамдықты дұрыс таңдамау және жол қозғалысына қатысушылардың зейінсіздігі салдарынан болған.

«Алғашқы қардың жаууы әдетте жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қиындық тудырады. Мұндай жағдайда жолдың беті тайғақ болып, тежеу жолы ұзарады. Дегенмен, көптеген жүргізушілер ауа райы мен жол жағдайын ескермей, бұрынғы жылдамдықпен қозғала береді. Біз барлығын өте сақ болуға, жылдамдықты азайтуға, кенеттен маневр жасаудан аулақ болуға және жол қауіпсіздігі әркімге байланысты екенін есте сақтауға шақырамыз», – деді Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік Басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Полиция департаменті, суық ауа райының басталуымен көліктерді қысқы маусымға алдын ала дайындау, жүйелердің дұрыс жұмыс істеуін тексеру және жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстыру маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары, жаяу жүргіншілерге жолдан өтер кезде сақ болуды, жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдалануды және жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпеуді еске салады.

"Алматы полициясы барлық жол қозғалысына қатысушыны сақтық шараларын сақтауға, өзара құрмет танытуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Өздеріңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар!" - делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Қар шығару жұмыстарының сапасын арттыру үшін Алматыда жол бойындағы боллардтар алынып жатыр