Жас ғалымдар жасанды интеллектіні пайдаланып, робототехника, биосфера саласында аянбай еңбек етеді
Almaty TV телеарнасында премьера. Жас ғалымдардың өмірінен сыр шертетін «Түнгі қала» сериалы бүгіннен бастап көрерменге жол тартады. Тың туындыда қазіргі ғылымның жай-күйі баяндалады. Өнертапқыштар жасанды интеллект, роботехника және биотехнология саласындағы идеяларын жүзеге асыруда көптеген кедергілерге тап болады. Қиындықтармен бетпе-бет келген жастар қандай қадамдарға барады? Оны дүйсенбі мен жұма аралығында эфирге шығатын «Түнгі қала» телехикаясынан біле аласыздар.
Almaty TV телеарнасының жаңа маусымда көрермендеріне дайындаған тың туындыларының бірі - «Түнгі қала» сериалы. Фильм қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі, ғылым саласын қамтиды. Технологияның дамыған заманында жаңалық ойлап табу және идеяңды жүзеге асыру оңай емес. Біздің басты кейіпкер де сондай толассыз кедергілерге тап болады.
"Сериалдың берері өте көп десем болады. Өйткені қарапайым менің кейіпкерімді алсам, жалпы сериалдағы барлық кейіпкерлердің ойы, мақсаты - адамзатқа көмектесу. Аман алып қалу бір жайттардан", - деп атап өтті актер Біржан Төлеген.
Жас ғалымдар жасанды интеллектіні пайдаланып, робототехника, биосфера саласында аянбай еңбек етеді. Алайда жетістікке жету үшін білім мен күш-жігер аздық етеді. Сені қоршаған орта мен ұжымдық жұмыс - жеңістің айнымас бір бөлігі екені сериалда шебер көрсетілген.
"Қазір технологияның өте қатты дамыған заманы. Сол туралы айтылады. Және жастарымызды қандай қиыншылық болмасын, берілмеуге шақырады. Яғни, кез-келген қиын жағдайда қол қусырып қарап отырмай, күрессең, жеңіске жетуге болатынын көрсетеміз", - дейді режиссер Марат Құдайбергенұлы.
Ғылым, білім, еңбекқорлық пен адами қасиетті насихаттауға арналған жаңа сериал енді дүйсенбі мен жұма аралығында біздің арнадан көрсетіледі. Жас ғалымдардың өмірінде болатын шым-шытырық оқиға мен олармен күрестің қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін білгілеріңіз келсе, «Түнгі қаланы» жіберіп алмаңыздар.
Асыл Махметов, Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген - Almaty TV телеарнасы.
Оқи отырыңыз: Almaty Superski - тау туризмін жаңа деңгейге көтеретін жоба