Түнгі рейд: Алматыда 400-ден аса жасөспірімнің ата-анасына ескерту жасалды

30.07.2025 20:17

Мамандардың сөзінше, бақылау 3 күннен бері жүріп жатыр

Алматыда түн жамылып, көше кезетін кәмелетке толмағандардың қатары көбейген. Кейінгі үш күннің өзінде тәртіп сақшылары осындай 450-ден аса жеткіншекті анықтапты. Суық қару ұстап жүргендері де жоқ емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алмалы ауданының полиция қызметкерлері алдымен қаладағы компьютер клубтары мен тамақтанатын орындарды аралады. Кәсіпкерлік нысанға келушілердің құжаттарын тексеріп, мекеме әкімшілігіне түсініктіме жұмыстарын жүргізді. Мамандардың сөзінше, бақылау 3 күннен бері жүріп жатыр.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, түнгі уақытта балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері жауапты. Алайда соған қарамастан кәмелетке толмағандардың арасында көше кезіп жүргендер анықталып жатыр. Біз мұндай жағдайларды анықтап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, керек болған жағдайда айыппұл саламыз», – деді Алмалы аудандық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Артем Музапаров.

Жедел алдын алу шарасына полицейлерден бөлек, аудандағы мектептердің мұғалімдері де қатысты. Біріккен топ бірнеше мекеме мен саябақты аралап, бір тәуліктің өзінде ересектердің қарауынсыз жүрген 70 жасөспірімді анықтаған.

«Іс-шараға бойынша үнемі  полиция қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Мектепте, демалыста да ата-аналарға, сынып жетекшілерге, оқушыларға қауіпсіздік туралы ескертіп, беймезгіл уақытта жүрмеуін, ата-ананың қадағалауын айтып отырамыз», – деді № 67 жалпы білім беретін мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жауһар Найзабекова.

Соңғы үш күннің ішінде ересектердің қарауынсыз түнделетіп көше кезіп, сауық-сайран қуып жүрген 480-ге жуық жасөспірім анықталған. Олардың ата-аналарына ресми түрде ескерту жасалды. Егер жағдай қайталанатын болса, 18-ге толмағандар арнайы тіркеуге қойылып, бақылауға алынады.

Диана Тұрлыбек, Алишер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Атырауда із-түзсіз жоғалып кеткен жігіт іздестіріліп жатыр