Тұншығып отырмыз: атыраулықтар қаладағы зауыттарды сыртқа көшіруді талап етіп отыр

Атыраудың ауасын үш күннен бері күлімсі иіс қысып тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау халқы қолқаны қабатын сасық иіс қаланы алып кетті деп шағымын жеткізді. Салдарынан тұрғындардың жүрегі айнып, басы айналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атыраудың ауасын үш күннен бері күлімсі иіс қысып тұр. Салдарынан тұншыққан тұрғындардың тынысы тарылған. Жұрт тіпті есік-терезені аша алмайтын күйге жеткен. Жағымсыз иіс таңғы және түнгі уақытта күшейеді.

БЛИЦ:

«Бірнеше күн қатарынан таза ауа жұта алмай отырмыз. Кешке қарай салқын желмен ұйықтайық десек те, таңертең басымыз ауырады».

«Демала алмай қаламыз, жаман иіс шығады, ауа да біртүрлі. Экологияны дұрыстау үшін зауыттарды қаладан көшіру керек»

Эпидемиологтар сынама алып, қорытынды шығарған. Сөздерінше, ауаға тараған химиялық зиянды қалдықтар адам денсаулығына қауіп төндіреді. Жыл басынан бері қалада ауа 69 рет ластанған екен.

«Барлығы 608 сынама алынған болатын. Соның 14-інен гигиеналық нормативтен асып кету фактісі анықталды. Анықталған ингредиенттер — бензолдың туындылары: пропилбензол, метилбензол және көміртек оксиді. Олардың көлемі гигиеналық нормативтен 10-15 есе артқаны анықталды. Кез келген химиялық зат ауаға түссе, оның адам организміне әсері бар. Ол адамның тыныс алу органдары жүйесіне әсер етіп, яғни астма, бронхиальды, жедел және созылмалы бронхит ауруларын тудыруы мүмкін», – деді ¤Атырау облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл  Ысқақова

Мамандар күкірт сутегінің шекті нормадан асып кеткенін растап отыр. Бұған Атырау мұнай өңдеу зауытының қатысы бар екенін де мойындайды. Қазір соған қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр екен. Арнайы бақылау жұмыстары аяқталған соң кәсіпорынға тағы да айыппұл салынуы мүмкін.

«Шекті рұқсат етілген констрация фактілерін жоққа шығармайды. Ондай фактілер бар. Соңғы жүргізілген екі зертхана нәтижесі бойынша түнде ароматикалық көмірсутектерден шекті рұқсат ету фактілері анықталды. Бірнеше есеге асу фактісі болды. Жел тұрақты оңтүстік шығыс батыстан соқты.  Негізші ластаушы – АМӨЗ», – деді Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов.

Көпшілік аймақ басшысынан қала аумағында қаптаған зауыттарды сыртқа көшіру керек деп талап қойып отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Атырауды улап жатқан қандай зауыт