Тұншықтырып өлтіріп, ізін жоюға тырысқан: Яна Легкодимованың өліміне қатысты жаңа деректер жарияланды

24.11.2025 20:15

Тәртіп сақшыларының дерегінше, бойжеткен былтыр 19 қазанға қараған түні өлтірілген

Тұншықтырып өлтіріп, ізін жоюға тырысқан. Ішкі істер министрлігі 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты жаңа деректерді жариялап, қылмыс жасалған сәтті көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тәртіп сақшыларының дерегінше, бойжеткен былтыр 19 қазанға қараған түні өлтірілген. Бастапқыда іс адам жоғалу дерегімен тіркеліп, кейін анықталған айғақтар негізінде адам ұрлау, сосын кісі өлтіру фактісіне ауысқан. Ал бейнебақылау камерасына Янаның үйінің маңына Ризуан Хайржанов мінген ақ түсті көліктің келгені, оған марқұмның отырғаны түсіп қалған. Яна көліктен шығуға талпынғанда оны Алтынбек Қатимов шығармай қойғаны да анық байқалады. Тергеу материалдарына сәйкес, Хайржанов сол көліктің ішінде Янаны тұншықтырған. Кейін досы екеуі мәйітті қаланың сыртына апарып, өзенге лақтырып жіберген.

«Күдікті ұсталғанға дейін 2 күн уақыт өтті. Сол уақыт аралығында қылмыс орын алғаннан кейін таңертеңінен екінші күдікті өзінің тұрғылықты мекен-жайына бағытталып үлгерген. Ал бірінші күдікті ол өзінің басқаруында болған көлікті көлік жуу орталығына апарып, ішінде болған барлық айғақтарды жуып, кетіріп, көзін жойған. Сонымен қатар қылмыс оқиғасы барысында жәбірленуші Легкодимованың пайдалануында болған ұялы телефонды жойып, ішіндегі мәліметтерді жоқ қылған», – деді Полиция департаменті тергеу басқармасының аға тергеушісі Темірхан Хажмұратов.

Тергеу деректеріне сәйкес, марқұм мен қылмыскердің бірі 2022 жылдан бері таныс болыпты. Олар бірге оқыған және қыз бен жігіт ретінде кездесіп жүрген. Алайда Яна Хайржановтың басқа бойжеткенге үйленгелі жатқанын біліп қойып, қалыңдығына шындықты айтуға оқталыпты. Бұл – қылмыстың негізгі мотиві. Күдіктілер барлық айғақты жоюға тырысқанымен, олардың хат алмасуы кезіндегі жазбалары қастандықтың алдын ала жоспарланғанын дәлелдеді.

 «Өзімнің тәжірибемде бірінші жағдай –  күдікті ұстап, сосын мүрдені табу. Аса қатыгездікпен өлтірген күдіктілерді ұстап, осы қылмысты ашуға барлық жұмысты атқардық. Дегенмен, қызын жоғалтқан анасына қайтара алмаймыз. Бірақ күдіктілерді заң алдында жауапкершілікке тартуға бар күшімізді салдық», – деді Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бөлім Бастығы Ерлан Құсайынов.

Оқи отырыңыз: Өмір бойы өтемақы төлесін: Астанада құрлысшылардың туыстары компанияға талап қойды