Тұрғын үй құрылысынан қаражат жымқырған компанияның мүлкіне тыйым салынды

26.08.2025 15:31

Мемлекетке 152 млн теңгеден аса шығын келтірілген

 Жетісу облысында тұрғын үй құрылысынан қаражат жымқырғандарға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ресми дереккөздерге сүйенсек, тапсырыс беруші мен мердігер ұйым 2021 жылы жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге екі көпқабатты тұрғын үй салуға келісімшарт жасасқан. Алайда бірқатар құрылыс-монтаж жұмысы іс жүзінде атқарылмапты. Тіпті жоспарланған тоғыз қабаттың тек жетеуі ғана тұрғызылған. Осылайша, құрылыс аяқталмай, нысанды қолданысқа беру мерзімі бұзылған. Соның салдарынан мемлекетке 152 млн теңгеден аса шығын келтірілген.

«Жоспарланған тоғыз қабаттың тек жетеуі ғана тұрғызылған, жылыту, сумен жабдықтау, электр жарықтандыру жұмыстары жүргізілмеген, сонымен қатар сыртқы әрлеу жұмыстары жоқ. Сот санкциясымен құрылысшы компанияның мүлкіне тыйым салынды.  Іс бойынша күдікті ретінде мердігер ұйымның директоры және құрылысқа техникалық қадағалау жасаған компания қызметкерлері танылды», – деді ҚР ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Пара алған: Шымкент полициясының лауазымды тұлғалары күдікке ілінді