Көпшілік баспана үшін тиісті өтемақы берілуін талап етіп отыр
СҚО-да саяжай тұрғындары дабыл қағуда. Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылының халқы үйінің сүрілетінін жақында ғана білген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ербатыр Жүнісов саяжайдағы үйін он жылдан аса уақыт салып, оның әр кірпішін өзі қалаған. Енді 20 жылға жуық мекендеген баспанасы бір-ақ күнде сүрілуі мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, оларды ешкім алдын ала ескертпеген. Өтемақы туралы да сөз қозғалмапты.
«Бұл жерде тұрғаныма 18 жыл болды. Он жыл бойы бар күшімізді құрлысқа салдық. Ал қазір бір-ақ күнде бәрін сүреміз деп отыр. 2017 жылы да, одан кейінгі су тасқынында да алдын ала ескерткен. Қазір – үнсіздік. Біздің де адам екенімізді ұмытпаса екен, кемі нақты жауап беріп, түсіндірсе деген тілегіміз бар», – деді қала тұрғыны Ербатыр Жүнісов.
Жергіліктілердің айтуынша, үй сүреміз деп келген шенділер жаңа бөгеттің құжаттарын көрсетпеген. Соған қарамастан кей учаскелерде көшу процесі басталған.
«Бізге нақты құжатты көрсетсін. Көзімізбен көргіміз келеді. Әзірге ешқандай қағаз ұсынған жоқ», – деді қала тұрғыны Оксана Колышева.
Бұл аумақта 19 саяжай мен 13 тұрғын үй сүрілуі мүмкін. Жергілікті биліктің сөзіне сенсек, жұмыстар заң аясында, бекітілген жоба бойынша жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жауаптылар тұрғындарға келетін шығынды азайтып, сараптама жүргіземіз деп уәде етті.
«Халықтың шығынын мүмкіндігінше азайту керек. Жер телімдерін алу бойынша барлық мәселе ертең өтетін техникалық кеңесте қаралады. Оған жобалаушы ұйым, техникалық және авторлық бақылау, сондай-ақ аудан басшылығы қатысады. Мәселе жан-жақты қаралады», – деді Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов.
Тепличное ауылына салынатын жаңа бөгет 5 шақырымға созылмақ. Құрылысына 3 миллиард теңге бөлінген. Шенеуніктер бұл қорғаныс бөгеті елдімекенді су тасқынынан қорғайды деп отыр. Ал жұртшылық тым болмағанда баспана үшін тиісті өтемақы берілсін деп талап етті.
Әйкерім Пернебек, Нұргүл Әлина, Асар Ербулан, СҚО
Оқи отырыңыз: Жол апатынан 23 адам зардап шекті: қылмыстық іс қозғала ма