Тұрғын үйдің техникалық паспортын ауыстыру керек пе

21.08.2025 13:27

Желіде тұрғын үй иелері техникалық паспортты кадастрлық паспортқа міндетті түрде ауыстыру қажет деген ақпарат тарап жатыр

Almaty.tv

Желіде тұрғын үй иелері техникалық паспортты кадастрлық паспортқа міндетті түрде ауыстыру қажет деген ақпарат тарап жатыр. Осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» МК баспасөз қызметі түсінік берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Тұрғын үй иелері техникалық паспортты кадастрлық паспортқа міндетті түрде ауыстыру қажет деген ақпарат жалған. Ауыстыру тек қана екінші деңгейлі банктерге жүгінген жағдайда (қарыз, кепіл және т. б.) немесе нотариус арқылы мәміле жасағанда (олардың талабы бойынша) ғана қажет", — деді корпорацияның баспасөз қызметінің жетекшісі Асқар Атагулин.

Оның айтуынша, тұрғын үй паспортын ауыстыру меншік иесінің қалауымен жүзеге асырылады. 

"Тікелей міндет жоқ. Сондай-ақ заңнамада да мұндай талап қарастырылмаған", — деп толықтырды ол. 

Еске салайық, өткен жылы жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры бойынша 100 млн өтінім түсті.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді