Тұрғындар жағымсыз иіске тұншығып отыр: Ақтауда кәріз суы далаға төгіліп жатыр

Екінші ағынды суларды тазарту қондырғысында құрылыс жүріп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда кәріз суы дұрыс тазаланбастан далаға төгіліп жатыр. Ал оның кесірі маңайдағы көпшілікке тиген. Жағымсыз иіске тұншығып, таза ауаға зар боп қалған ағайын енді кімнен көмек сұрарын білмей дал, деп хабарлаймыз Almaty.tv тілшісі.

Жағымсыз иіс әсіресе жоғарғы шағынаудандарда тұратындарға қатты сезіледі. Сасық ауамен тыныстап отырған көпшілік проблемамен бірнеше жылдан бері күресіп келеді. «Ашпаған есік, аттамаған табалдырық қалмады» деп налыған олар шағым тыңдар ешкімнің болмағанын айтты.

«Жазда 3 ай бойы кешке жел соғады. Солтүстіктен соққанда демалу мүмкін емес. Иістің кесірінен ауру тапсақ, кім жауап береді?» – деді қала тұрғыны Айгүл Абдуллаева.

«Сыртқа шықсақ та балаларды дұрыстап ойната алмаймыз. Он жылдан асып кеткен шығар. Жазда сасып кетеді», – деді қала тұрғыны Гүлбану Жолдасова.

Тұрғындар кешкі уақытта ауа тарылған соң, терезені мүлде аша алмайтынын айтты. Жергілікті халық жағымсыз иіс денсаулығымызға зиян тигізе ме деп қорқып отыр. Қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев – проблеманы әлеуметтік желіде көп көтеріп жүргендердің бірі. Ол иіс ошағын тапқаны туралы видеосын да жариялаған.

Белсенді «тазартылған кәріз суы лай емес, мөлдір таза болуы керек» дейді. Ол бірнеше сатыдан өтіп тазартылса, иісі де шықпау керек екенін айтып отыр. Байқап қарасақ, лас су сүзгіден өткен, себебі ірі қоқыс төгіліп жатқан жоқ. Алайда судың түсіне қарасаң, күмәнданасың. Маңында ұзақ тұру мүмкін емес, қолаңса иіс қолқаны қабады.

«Судың тазартылмағанын түсіну үшін маман болудың қажеті жоқ. Су үш тазалау сатысынан өтуі керек. Механикалық тазалық жүргізілген, қоқыс жоқ.  Қалған білмеймін?» – деді  қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев.

Кәріз жүйесіне жауапты мекеме өкілі Ақтау қаласында лас суды тазалайтын екі орын бар екенін айтады. Екеуі де қаланың сыртында. Біріншісі төменгі шағынауданға қызмет көрсетсе, екіншісі жоғарғы шағынаудандардан шыққан лас суды тазартады. Қазір екінші ағынды суларды тазарту қондырғысында құрылыс жүріп жатыр. Сол себептен қаладан келген кәріз суы барлық сатыдан өтпейтін көрінеді.

«Тек механикалық тазартудан өтеді. Толық тазартылмайды. Механикалық өңделгенннен кейін, қалдықтарды арнайы полигонға апарып, жою мақсатында шарт өойдық. Келесі айдың соңына дейін жөндеу жұмыстары жұріп жатыр», – деді  «Каспий жылу су арнасы» бас инженері Ерік Жалғасбай.

Айта кетейік, қазір ағынды суларды тазартатын екінші аймақта реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Іс аяқталған соң аталмыш орын 30 мың текше метрден 70 мыңға дейін кәріз суын қабылдауға қауқарлы болмақ. Бұл жобаға республикалық бюджеттен 11,5 млрд қаржы бөлінген. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың қыркүйек айына дейін аяқталады.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет

Оқи отырыңыз: Қоқыс сұрыптау: Алматыдағы экохабта қандай тың бастама жүзеге асуда

Новости партнеров