Таиландта 1000-нан астам еліміздің азаматы жазғы демалысын өткізіп жатыр
Түркияға сапар шегетін қазақстандық туристердің саны 7 пайызға азайған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алайда бұл көрсеткіштің табиғи апаттарға еш қатысы жоқ. Мамандардың айтуынша, аталған елде жазғы демалыс маусымы аяқталып келеді. Сондықтан туристер ағынының азаюы қалыпты құбылыс. Бүгінде Түркияда шамамен 15 мыңға жуық отандасымыз демалып жатыр. Ал елдегі орман өрттері қазақстандықтарға еш қауіп төндірмеген. Сол сияқты Таиланд пен Камбоджа арасындағы жағдай да туристерге әсер етпепті. Қақтығыс болған аумақтар саяхатшылар аймақтарынан алыста орналасқан. Аталған елдерде демалып жатқан азаматтарымызға алаңдауға еш негіз жоқ. «Туристік қамқор» қорының мәліметінше, қазір Таиландта 1000-нан астам еліміздің азаматы жазғы демалысын өткізіп жатыр.
«Қазіргі таңда Түркия еліндегі өрт курорттық аумақтардан алыстау және қазақстандық туристерге ешқандай қауіп жоқ. Бірақ күн сайын серіктестерімізбен байланыстамыз. Ондай мәлімет шықса барлық туристерге, тур операторларға хабарлаймыз», – деді «Туристік қамқор» корпоративтік қорының директоры Асылхан Есілов.
Сондай-ақ мамандар шетелде жүрген қазақстандықтар қандай да бір келеңсіз жағдайға тап болған жағдайда көмек алуға мүмкіндік беретін «Туркод» қосымшасының жұмыс істеп тұрғанын ескертті. Бұл қосымша арқылы отандастарымыз қажетті ақпаратты жедел жолдап, нақты көмекке қол жеткізе алады. Мамандардың айтуынша, өтініш түскен сәттен бастап 1 сағат ішінде жауап беріліп, тиісті көмек көрсетіледі.
«Біріншіден, Қазақстанға оралмай жатса, екіншіден, сақтандыру бойынша сұрақтар болса, үшіншіден, қонақ үйге орналастырмаса ,төртінші, құжаттар бойынша сұраө туындаса және төтенше жағдай болса, бізге хабарласады. Бір сағаттың ішінде жауап береміз», – деді Асылхан Есілов.
Оқи отырыңыз: Avignon OFF 2025: Алматы театрлары әлемнің ең ірі фестивалінде өнер көрсетті