Қонақтар орташа есеппен олар мегаполисте 5 күн тұрақтайды
Қазақстанда туристтік агенттіктердің рейтингі жасалады. Бұл – осы салада бәсекелестікті арттырып, көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар шетел асып демалғысы келетіндер арнайы мобильді қосымшаны жүктеп алуына болады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ішкі және сыртқы туризмді дамыту бойынша сала мамандары Бурабайда бас қосып, бұл бағытты ары қарай дамыту ісін талқылады. Ресми ақпаратқа сай, Алматыға келген әр шетелдік турист күніне 334 доллар жұмсайды. Туризм саласының сарапшысы Ералы Тілеуов «сырттан келетін демалушылардың таңдауы көбіне Алматыға түседі» дейді. Қонақтар оңтүстік астананың таулы аймақтарын ұнатады. Орташа есеппен олар алып мегаполисте 5 күн тұрақтайды.
"Егер рейтингке келетін болсақ, Алматы қаласы бірінші орында тұр. Ол жерде туристік релакс демалыс емес, Алматы қаласы хаб болғандықтан басты назар болады. Ал екінші орында Астана алды", – деді туризм саласының сарапшысы Ералы Тілеуов.
Бүгін бас қосқандар сыртқы туризмді де сөз қылды. Бұдан былай турагенттіктердің рейтингі жасалатын болады. Осылайша, кімнің қалай жұмыс істейтіні ашық көрсетіліп, шетел асатындар таңдау жасай алады. Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға септесетіні сөзсіз. Оның үстіне курорттық аймаққа демалуға апарамыз деп сан соқтырып кететіндердің де жолын кесуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, туристерге арналған арнайы мобильді қосымша іске қосылады.
"Туристерге қосымша ұсынылмақ. Шетелге демалуға шығатын адам қосымшаға туркодты енгізсе, бүкіл ақпарат шығып тұрады. Медициналық сақтандыруы, әуе билеті, баратын қаласы мен тұрақтайтын қонақ үйі жайлы барлық дерек көрінеді. Оның үстіне сол қосымша арқылы кез келген уақытта көмек сұрауына болады. Бұл турагенттіктердің жұмысының ашық болуына септеседі. Мұндай шешім туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған", – деді «Туристік қамқор» корпоративтік қорының төрайымы Инна Рей.
Турагенттіктердің рейтингі мен мобильді қосымша туристердің ыңғайлылығы үшін жасалып жатыр. Соңғы кезде алаяқ турагенттіктер пайда болған. Мәселен, былтыр 180 турист алдандым деп шағымданыпты. Сан соғып қалғандардың саны 200-ге жетпесе де, қолды болған ақшаның көлемі 250 миллион теңгеден асады.
Айта кетейік, туризм саласының мамандары алғаш рет ауқымды бас қосып, бұл бағытты дамытуды талқылап жатыр. Жиын ертең де жалғасады.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ақмола облысы
Оқи отырыңыз: Қоғамдық орындарда түкірген адамдардың видеосы жарияланды