Туристік аймақта қонақүй салғандарға қандай жеңілдіктер беріледі

27.09.2024 15:11

Сондай-ақ шетелдік турист әкелгендерге 15 мың теңге қарастырылған

 

Бұдан былай Қазақстанда туристік аймақта қонақүй салған кәсіпкерлерге мемлекет жалпы шығынның 10 пайызын төлеп береді. Ал туристік автобус сатып алса, онда көлік құнының 25 пайызы қайтарылып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұдан бөлек, шетелдік туристі әкелсе, онда оған мемлекет тарапынан 15 мың теңге қарастырылған. Сондай-ақ тау шаңғы курортында арнайы техника сатып алынса, 25 пайызын мемлекет өтеп бермек.

Естеріңізде болса, бұған дейін ел Президенті туризм саласын одан ары дамытуды қолға алу керек деген еді. Мемлекет басшысы жауаптыларға Қазақстандағы туристік үш орынды айтып, ол жерлердегі жағдайды халықаралық дәрежеге көтеруді тапсырған. Қазір Алматыдағы тау кластерін, Маңғыстау облысын және Бурабай демалыс орындарында туризмді ілгерілету бойынша ауқымды жоспар дайындалып жатыр екен. Құжат осы жылдың соңына дейін бекітілмек.

«Кешенді жоспар дайындап жатырмыз. Ол кешенді жоспар 100-ден астам тармақтан құралған. Оны жыл соңына дейін бекітетін боламыз. Бұл жерде инфрақұрылымдық, сонымен қатар инвестициялық жобалар бар. Одан кейін кадр саласын қалай дамытамыз. Сонымен қатар цифрландыру әр түрлі бөлімнен тұрады. Осы кешенді жоспарды дамытқаннан кейін, әрине, бір нәтижеге жететін боламыз», - деді ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Аталған сала кәсіпкерлері Бурабайда 3 күн бойы осы бағыттағы маңызды мәселелерді талқылады. Туризм және спорт министрлігі екінші тараптың талап-тілегін тыңдап, ұтымды ұсыныстарды қабылдайтын болып шешті.  

«Бүгін – Халықаралық туризм күні. Соған байланысты үшінші күн іс шара өтіп жатыр. Әріптестерімізбен іс шараларға қатысып, өздеріміздің ойымыз бен тәжірибемезді бөлістік. Барлық ұсынысты ескеріп жатырмыз. Келешекте олардың барлығын қолданатын боламыз», - деді Нұртас Кәріпбаев.

Оқи отырыңыз: Туристердің таңдауы – Алматы