Түркі жастарын күлкі біріктірді: Алматыда TurkiCUP жайдарман ойыны өтті

30.10.2025 16:54

Әзіл арқылы достықты дәріптеуді мақсат еткен іс-шараға 11 команда қатысты

Алматыда түркі әлемінің ең көңілді әрі тапқыр жастары бас қосқан «TurkiCUP» атты халықаралық жайдарман ойыны өтті. Бауырлас халықтардың мәдени байланысын нығайтып, әзіл арқылы достықты дәріптеуді мақсат еткен іс-шараға 11 команда қатысты. Қалжың мен қағытпа қатар өрілген бәсекеде жүлде қоры да қомақты болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Биыл Алматы қаласы түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесіне ие болды. Осы атаулы жоба аясында Оңтүстік Астанада халықаралық жайдарман сайысы ұйымдастырылды. Көңілді тапқырлар кешіне Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 11 команда қатысты. Олар күнделікті өмірдің көріністерін қағытпа қалжыңмен астастырып, көрерменге күлкі сыйлаумен қатар, ой салды.

«Республика сарайында алғаш рет ойнап жатырмыз. Киелі сахнада «Жайдарманның» өтіп жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Бізді шақырғаны үшін Есен ағаға және «Жайдарман» ұжымына зор алғыс білдіреміз. Осындай ойындар жиі бола берсін. Жалпы, «Жайдарман» – қазіргі қоғамның айнасы. Ол жастардың креативін, өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, жан-жақты тәрбиелейтін орта», – деді «Қыздар емес» командасының ойыншысы Тұрсынбек Дәлелбекұлы.

«Жайдарманға» бізді Есен аға шақырды. Ол «TurkiCUP» ойынына түркі әлемінің командалары қатысады деді. Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Әзербайжан елдерінен қатысады. Біз Түркия құрамасы ретінде келдік. Жақсы ойын көрсетеміз деп ойлаймыз», – деді Түркия құрамасының ойыншысы Седат Чичек.

Ал әзіл сайысында әр қалжың мен тапқырлықты бағалау тізгіні қазылар алқасына жүктелді. Құрамында спорт пен мәдениет өкілдері, сондай-ақ танымал блогерлер болды. Нұрсұлтан Құрман әр көріністің мәні мен мағынасын таразыласа, Секавайнс командалардың креативтілігіне баға берді.

«Бұл ойынның бізге берері, ең алдымен, түркі тілдес мемлекеттер - бауырлас елдер. Тіліміз де ұқсас, дәстүріміз де ортақ. Бұл тәжірибе алмасудың тамаша алаңы деп ойлаймын. Өзге елдердің белсенді, жалынды жастары бар. Сондықтан мұндай шығармашылық байланыстардың кеңеюі тек өсу мен дамуға ықпал етеді. Сол себепті мұндай шаралар жиі өткен сайын жақсы нәтижелер күтуге болады», – деді «Жайдарман» ойындарының қалалық филиалының директоры Оңдасын Құлымбетов.

«Қала әкімі Дархан Амангелдіұлы жастардың жағдайын жақсарту, олардың әлеуетін арттыру мәселесін әрдайым басты назарда ұстайды. Бүгінгі іс-шара – сол тұрақты қолдаудың айқын көрінісі деп айтуға болады», - деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Ойын нәтижесінде бас жүлде мен 1,5 млн теңге көлеміндегі сыйақыны Рудный командасы жеңіп алды. II орын мен 1 млн теңгені қырғызстандық қос команда қанжығасына байласа, III орын түркиялық әзілкештерге бұйырды.

Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ұлытауда полицейлер өртеніп жатқан үйдің ішінен үш баланы аман алып шықты